Ұлттық құрақ өнерін әлемге танытып жүрген шебер

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жетісу облысы Ескелді ауданы Қаратал ауылының тұрғыны Қызылбаева Гүлмира Қанатқызы – ұлттық қолөнерді дәріптеп, қазақтың құрақ құрау өнерін халықаралық деңгейде танытып жүрген шебер.

Гүлмира Қанатқызы 1974 жылы Абай облысы, Аягөз қаласында дүниеге келген. 1991 жылы орта мектепті тәмамдап, Алматы қаласындағы жоғары оқу орнына оқуға түседі. 1996 жылы Алматы технологиялық университетін бітіріп, жас маман ретінде Талдықорған қаласында еңбек жолын бастайды. 2000 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде үш баланың аяулы анасы. Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жетісу облысы бойынша филиалының Ескелді аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінде қызмет атқарады.

Негізгі мамандығымен қатар, бос уақытында қазақтың ұлттық қолөнері – құрақ құраумен айналысып, ата-бабадан қалған өнерді жаңғыртуға өз үлесін қосып келеді. Осы бағытта арнайы білімін жетілдіріп, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің ұлттық қолөнер технологиялары бойынша оқу курсынан өткен.

2024 жылы Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы «Аламан құрақ» республикалық жобасына қатысып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға қосқан үлесі үшін арнайы сертификаттар және Жетісу облысы мәдениет басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, аталған жоба аясында орнатылған рекордқа қатысқаны үшін Қазақстан рекордтар кітабының сертификатына ие болды.

2025 жылы Алматы қаласында өткен «Аламан құрақ» жобасы барысында қазақтың ұлттық лоскут өнерінен әлемдік рекорд орнатуға қатысып, Global Book of Records (GBR) халықаралық ұйымының сертификаты мен медаліне ие болды.

2026 жылы Өскемен қаласында өткен «Аламан құрақ» республикалық жобасы аясында бірден екі әлемдік рекордтың орнатылуына қатысып, Global Best of Records (GBR) халықаралық ұйымының екі сертификатымен және медалімен марапатталды. Сонымен қатар, қазақтың киелі құрақ өнерін жаңғырту мен дамытуға қосқан зор үлесі үшін арнайы сертификат алды.

Гүлмира Қанатқызының есімі әлемдік рекордқа қатысушылардың халықаралық жинағына енгізілді. Бұл – оның ұлттық қолөнерді дамытуға қосқан еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.

Ұлттық өнерді ұлықтап, қазақтың салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа дәріптеп жүрген Гүлмира Қанатқызының жетістіктері – туған өңіріміз үшін үлкен мақтаныш. Оның еңбегі ұлттық мұраны сақтауға ғана емес, қазақ қолөнерін әлемге танытуға да зор үлес қосып келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-eskeldy-karatal/press/news/details/1255881?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version