Жазғы кезеңде әдетте бала организмінің қарқынды өсуі байқалатындықтан, балалардың кейбір витаминдерге деген қажеттілігі артады. Сондай-ақ жазда бала организмі терлеу арқылы минералды заттарды жоғалтады, сондықтан жазғы уақытта организмді витаминдермен толық қамтамасыз ету қиынға соғады. Витаминдердің жетіспеушілігі немесе мүлдем болмауы зат алмасудың бұзылуына, физикалық және ақыл-ой жұмыс қабілетінің төмендеуіне, организмнің тез шаршауына әкеп соғады, сонымен қатар балалардың өсуі мен дамуына кері әсерін тигізеді. Балалық шақтағы витаминдер тапшылығы болашақта атеросклероз, гипертониялық ауру, гиперлипидемия, семіздік, қант диабеті, остеопороз, подагра және кейбір қатерлі ісіктер сияқты аурулардың қалыптасуына әсер ететін факторлардың бірі болуы мүмкін.
Жекелеген витаминдердің маңыздылығы және олардың тапшылығын жою:
А витамині (ретинол) – майда еритін витамин, қалыпты зат алмасуға ықпал етеді, нәруыздар (белоктар) синтезі процестерін реттеуге, сүйек пен тістің қалыптасуына, май басуға, жаңа жасушалардың түзілуіне қатысады. Жетіспеген жағдайда иммунитет тапшылығы (жиі жұқпалы аурулар), терінің құрғауы мен іріңді зақымдануы, шаштың құрғауы мен күңгірттенуі, блефарит, ксерофтальмия, «тауық соқырлығы» (науқастар ымыртта және түнде көрмейді) дамиды. А витаминінің көп мөлшері бауырда және балық майында кездеседі. Сары май, жұмыртқаның сарысы, кілегей де ретинолға бай. Өсімдік өнімдерінің ішінде провитамин А мөлшері бойынша сәбіз, асқабақ, шпинат, брокколи, шабдалы, өрік, соя және бұршақ көш бастап тұр.
В1 витамині (тиамин) – нәруыздарды, майларды және көмірсуларды энергия тасымалдаушыларға айналдыруға қатысады, ас қорыту, жүйке және жүрек-қантамыр жүйелерінің дұрыс әрі тұрақты жұмысын қолдайды. Тиамин ең көп мөлшерде бауырда, жұмыртқада, нанда, жармаларда және жаңғақтарда кездеседі. Оның жетіспеушілігі полиневриттің (бери-бери, күріш ауруы) дамуына ықпал етеді, бұл ауру салмақ жоғалтумен, әлсіздікпен, ауырсынумен, мидың зақымдануымен, жүрек ырғағының бұзылуымен және жүрек жеткіліксіздігімен сипатталады.
В9 витамині (фолий қышқылы) – жүйке жүйесі мен сүйек кемігінің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет. В9 витамині жетіспегенде әлсіздік, қажу, депрессия, ұйқысыздық, қозғалыс координациясының бұзылуы, парестезиялар, параличтер мен парездер пайда болады. Жиі ауыз қуысының шырышты қабығында ойық жаралар (жарашықтар) пайда болуы мүмкін, шаш күңгірттеніп, сынғыш келеді. Бұл витамин мына өнімдерде кездеседі: бауыр, треска бауыры, нан (қара бидай және тұтас дәнді нан), бұршақ тұқымдастар, ақжелкен, шпинат, салат жапырағы, көк пияз.
В12 витамині (цианокобаламин) – нәруыздарды, майларды және көмірсуларды өңдеуге қатысады, жүйке жүйесінің өсуі мен қызметін қамтамасыз етеді. Тапшылығы жұлын жағдайының біртіндеп нашарлауына және ми жұмысының нашарлауына әкеледі, сенсорлық, қозғалыс белсенділігінің жоғалуына соқтырады. Психикалық бұзылулар шаршаудан, ашушаңдықтан, депрессиядан және есте сақтау қабілетінің төмендеуінен басталады, ауру асқынған сайын психоз бен түрлі маниялар пайда болуы мүмкін, бұл процесс қайтымсыз. В12 витаминіне бидайдың өнген өскіндері, бауыр, бүйрек, ет, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері, ашытқы, ірімшік бай.
С витамині (аскорбин қышқылы) – суда еритін витамин, жоғары температурада, жарық пен оттегінің әсерінен оңай бұзылады, мұны аскорбин қышқылына бай өнімдерді дайындау кезінде ескеру қажет. Организмде С витаминінің жетіспеушілігі құрқұлақ (цинга) ауруын тудырады, ол енжарлықпен, терінің қуаруымен және құрғауымен, қызыл иектің қанауымен, тістердің босап, түсуімен, қызбамен сипатталады, тіпті өлім-жітім жағдайлары да тіркелген. Аскорбин қышқылына бай өнімдер өте көп. Олардың қатарында: кептірілген итмұрын, қара қарақат, қызыл және болгар бұрышы, ақжелек (хрен), цитрус жемістері, қымыздық, құлпынай, шалғам, тұшала (крыжовник), қырыққабат, қызанақ, брокколи, манго, ақжелкен, шабдалы, өрік, алма, құрма, шырғанақ, шетен, сұлы, шпинат, помело, қауын бар.
Д витамині (эргокальциферол Д2, холекальциферол Д3) – майда еритін витамин. Д витамині организмде кальций мен фосфордың сіңірілуін реттейді, олардың қандағы деңгейін, сүйек ұлпасы мен тіске түсуін бақылайды. Бала организмінде Д витаминінің жеткіліксіздігі фосфор-кальций алмасуының бұзылуынан туындайтын, емшектегі және ерте жастағы балаларға тән рахит сияқты ауыр ауруға әкеледі. Жануарлардан алынатын өнімдердің ішінде Д витамині сары майда, ірімшікте және басқа да сүт өнімдерінде, жұмыртқаның сарысында, балық майында, уылдырықта кездеседі. Өсімдік өнімдерінің ішінде күнбағыс тұқымы, ақжелкен, қырықбуын, қалақай осы витаминге бай.
Е витамині (токоферол) – майда еритін витамин. Жасушалардың қоректенуін жақсартады, иммундық жүйені нығайтады, А витаминінің сіңуіне ықпал етеді. Өсімдік майлары, бидай ұрықтары, алма, бадам, арахис, дәнді дақылдар, бұршақ тұқымдастар, жасыл жапырақты көкөністер, кебек наны, жаңғақтар, брюссель қырыққабаты, итмұрын, соя сияқты өнімдерде жеткілікті мөлшерде кездеседі. Жануарлардан алынатын өнімдердің ішінде жұмыртқа, бауыр, сүт және сүт өнімдері, сиыр еті оған бай.
Витамин жетіспеушілігі – бұл организмнің витаминдермен төмен деңгейде қамтамасыз етілуінен туындаған күй.
Авитаминоз – құрқұлақ (цинга), бери-бери және т.б. аурулар кезінде пайда болатын өзіне тән симптомдар кешенінің дамуымен қатар, организмнің витаминдік ресурстарының толық таусылу күйі.
Гиповитаминоз – организмдегі витаминдер қорының шұғыл, бірақ толық емес төмендеуі, ол өзіне тән емес жалпы симптомдармен (тәбеттің төмендеуі, жұмыс қабілетінің нашарлауы, шаршағыштықтың артуы және т.б.) көрінеді.
Балада витамин жетіспеушілігінің алдын алу сапалы тамақ өнімдерінен тұратын толыққанды теңгерімді (балансталған) рационды қамтамасыз етуге, сондай-ақ күннің жарық уақытында таза ауада серуендеуге бағытталуы тиіс.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-zhambyl/press/news/details/1257360?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау