Бүгін Қазалы ауданына қарасты Өркендеу ауылдық округінде орналасқан қасиетті Жанкент қалашығына туристер арнайы келіп, оның бай тарихы мен мәдени мұрасымен танысты.
Іс-шараның басты мақсаты – ғасырлар сырын сақтаған Жанкент қалашығын Сыр өңірінің маңызды туристік бағыттарының біріне айналдыру, тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттау және өңірдің туристік әлеуетін арттыру.
Сонымен қатар, ауданымызға бизнес-туризм жобасын үйлестіру мақсатында Ресей Федерациясынан «Палм-Тур» туристік компаниясының бас директоры, тапсырыс беруші өкілі Замалдинова Наталья Равилевна арнайы іссапармен келді.
Құрметті мейманды Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дидаров Абай Әнесұлы және №266 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі, аудармашы Олжекеш Асқар қарсы алып, Жанкент қалашығының тарихы мен тарихи құндылықтары жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
Экскурсия барысында Өркендеу ауылдық округі әкімдігіне қарасты «Жанкент ауылдық мәдениет үйі» МКҚК-ның әдіскері, «Жанкент жастары» ұйымының төрағасы, өлкетанушы гид Мурзалиев Талап Алтыбекұлы қонақтарға көне шаһардың өткені мен бүгіні, тарихи маңызы және жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары туралы мазмұнды ақпарат ұсынды.
Тарихи мекенмен танысқан қонақтар Жанкенттің бай мұрасына жоғары бағасын беріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-kazaly-orkendeu/press/news/details/1257481?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау