«Жолда бір жағдай болды деп ойладық»: полицейлердің тосын әрекеті Қарағанды облысының тұрғынын таңғалдырды

Жарияланды:

Автор:

категорияда
«Полиция көлігі мен жедел жәрдемді көргенде, алғашында қорқып кеттік. Алайда бірнеше минуттан кейін жағымды әсерде қалдық…»

Қарағанды облысының тұрғыны Қарағандыдан Семейге келе жатқан жолда болған ерекше жағдай туралы әлеуметтік желіде бөлісті.

Бесқарағай ауданының Бесқарағай ауылында олардың көлігін полиция қызметкерлері тоқтатқан. Жол жиегінде патрульдік полиция көлігі мен жедел жәрдем бригадасын көрген әйел алғашында жол-көлік оқиғасы болды немесе тексеру жүргізіліп жатыр деп ойлаған.

Алайда көлікті тоқтатудың себебі мүлде басқа еді.

Полиция қызметкерлері медицина мамандарымен бірлесіп, ұзақ жол жүрген жүргізушілер мен жолаушыларға арналған профилактикалық іс-шара өткізіп жатқан. Жол қозғалысына қатысушыларға аз уақыт аялдап, демалу ұсынылды. Қалаған азаматтардың қан қысымы тегін өлшеніп, су мен ыстық кофе таратылды.

— Шынымды айтсам, мұндай қамқорлық пен ықыласты күтпедік. Полиция қызметкерлері мен медицина мамандарына осындай тамаша бастама үшін үлкен алғысымызды білдіреміз! Мұндай игі істер құрметке лайық, — деп жазды әйел әлеуметтік желіде.

 Абай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Эльдар Данияровтың тапсырмасы бойынша полиция қызметкерлері жүргізушілердің шаршауы мен көлік тізгінінде ұйықтап кетуінен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өңірдегі автожолдарға шықты.

Түнгі және таңғы уақытқа ерекше назар аударылуда. Бірнеше сағат бойы үздіксіз көлік басқарған адамның зейіні төмендеп, әрекет ету жылдамдығы баяулайды. Кейде жүргізуші өзінің қалғып кеткенін де байқамай қалуы мүмкін.

Ал көлікті басқаруды бір сәтке жоғалту қарсы қозғалыс жолағына шығып кетуге және адам өміріне қауіп төндіретін ауыр салдарға әкелуі ықтимал.

Полиция қызметкерлері ауыр жол-көлік оқиғаларының салдарын күн сайын көреді. Сондықтан олар шаршаған жүргізушіні тексеру үшін емес, оның қауіпсіздігі үшін тоқтатуға, су мен ыстық кофе ұсынып, аз уақыт демалуға кеңес беруге дайын.

Кейде жолдағы қысқа ғана аялдама үлкен қайғының алдын алып, адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Мұндай профилактикалық іс-шаралар медицина қызметкерлерімен бірлесіп, Абай облысының барлық автожолдарында өткізілуде.

 Абай облысы Полиция департаменті жүргізушілерге ескертеді: көлік тізгінінде ұйқымен күресуге болмайды. Егер шаршағаныңызды немесе ұйқы қыса бастағанын сезсеңіз, көлікті қауіпсіз жерге тоқтатып, міндетті түрде демалыңыз.

Жолда бірнеше минут жоғалтқан дұрыс. Өйткені бір секундтық қателіктің құны тым қымбат болуы мүмкін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1256282?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version