Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 18 шілде, сенбі күні Summer Relay жазғы кешкі эстафетасы өтеді. Биыл жарыс алғаш рет қаланың тарихи орталығы арқылы өтетін жаңа бағытта ұйымдастырылады. Осыған байланысты қаланың бірқатар орталық көшесінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
Жарыстың сөресі мен мәресі «Астана» алаңы. Эстафета бағыты Төле би, Қабанбай батыр, Панфилов көшелері және Абылай хан даңғылы арқылы өтеді. Бес адамнан тұратын командалар жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын эстафеталық қашықтықты бағындырады. Ал жас қатысушылар үшін 500, 1000 және 2000 метр қашықтықтарға жүгіру жарыстары ұйымдастырылады.
Жарыс бағыты Төле би, Қабанбай батыр, Панфилов көшелері мен Абылай хан даңғылы арқылы өтеді. Қатысушылар Қазақстан Жазушылар одағының ғимараты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, «Алматы» қонақ үйі, Жамбыл Жабаев ескерткіші, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, сондай-ақ Темірбек Жүргенов ескерткішінің жанынан жүгіріп өтеді.
Жарысқа байланысты көлік қозғалысына мынадай уақытша шектеу енгізіледі:
* 18 шілде сағат 09:00-ден 19 шілде сағат 06:00-ге дейін – Төле би көшесінде (Панфилов көшесінен Абылай хан даңғылына дейін);
* 18 шілде сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін – Абылай хан даңғылында (Төле би көшесінен Қабанбай батыр көшесіне дейін);
* 18 шілде сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін – Қабанбай батыр көшесінде (Абылай хан даңғылынан Назарбаев даңғылына дейін);
* 18 шілде сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін – Панфилов көшесінде (Қабанбай батыр көшесінен Төле би көшесіне дейін).
Уақытша шектеулер жарыстың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету және қатысушылардың қашықтықты кедергісіз еңсеруі үшін енгізіледі.
Мәреге жеткен барлық қатысушыға естелік медаль табысталады. Әр санат бойынша жүлдегер атанған командалар мүсіншелермен және серіктестердің сыйлығымен марапатталады. Ал PRO және Business санаттарының жеңімпаздарына ақшалай сертификат беріледі.
Жарыс бағдарламасы сағат 18:00-де балалар жарысымен басталады. Сағат 20:00-де 2 шақырымдық жүгіру, ал 21:00-де Summer Relay негізгі эстафетасы өтеді.
Іс-шараны Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Бірінші болу батылдық» корпоративтік қоры, Krida фитнес-клубы және академик Ш. Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры ұйымдастырады.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарына көлік қозғалысына енгізілетін уақытша шектеуді ескеріп, бағытын алдын ала жоспарлауға кеңес береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1259060?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау