Ақтау қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Атап айтқанда, «Кездесу» жанар-жағармай құю бекетінен басталып, 31А–31Б–32А–32Б шағын аудандарының қиылысына дейінгі автомобиль жолы, сондай-ақ 35-шағын аудандағы Кәсіпкерлер палатасы қиылысынан 19А–19–18–20 шағын аудандарының қиылысына дейінгі автомобиль жолы жөнделіп жатыр. Жөндеуден өтетін жол учаскелерінің жалпы ұзындығы 4,5 шақырымды құрайды.
Қазіргі таңда, “Кездесу” жанар-жағар май құю бекетінен бастап 35- шағын аудан “Кәсіпкелер палатасына” дейінгі жолдың ескі асфальт жабынын фрезерлеу (қыру) жұмыстары басталды. Алдағы кезеңде жаңа асфальт жабынын төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Жөндеу жұмыстарына 25-ке жуық жұмысшы мен 5 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
– Құрылыс-монтаж жұмыстарының жүргізілуіне байланысты ағымдағы айдың 14–19 күндері аралығында «Кездесу» жол учаскесінен Кәсіпкерлер палатасы қиылысына дейінгі автомобиль жолында көлік қозғалысына кезең-кезеңімен уақытша шектеу енгізіледі. Осыған байланысты тұрғындардан жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз, – деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Исматулла Адай.
Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қала тұрғындары мен қонақтарынан уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, жол қозғалысын алдын ала жоспарлауды сұрайды.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1258507?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау