Астанада футбол матчы кезінде әдепсіздік көрсеткен тұрғынға айыппұл салынды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордада қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары құқық бұзушыларды анықтап, оларды заң аясында жауапкершілікке тартып келеді. Солардың бірі футбол матчы кезінде әдепсіз әрекет жасағаны үшін айыппұл арқалады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері футбол матчы кезінде ер адамның қоғамдық орында өзін әдепсіз ұстағаны бейнеленген видеоны анықтады.

Құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол – елорданың 28 жастағы тұрғыны.
Матч барысында ер адам аяқ киімін шешіп, аяғын алдындағы орындықтың арқалығына қойып, айналасындағыларға анық құрметсіздік танытқан. Оның бұл әрекеті өзге көрермендердің наразылығын туғызған.

Қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік көрсеткені үшін құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасағаны бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды.

Полиция өзгелерге құрметпен қарау, қоғамдық орындардағы тәртіп қағидаларын сақтау және қарапайым әдеп мәдениеті қоғамдық тәртіптің негізі екенін еске салады.

Тәртіп сақшылары азаматтарды қоғамдық мінез-құлық нормаларын сақтауға, өзгелердің құқықтары мен жайлылығын құрметтеуге, сондай-ақ спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларда тәртіпті сақтауға шақырады. Әр адамның мәдениетті әрекеті – қауіпсіз әрі жайлы қоғам қалыптастырудың негізі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1257978?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version