2026 жылдың 11-12 шілдесінде Астана қаласында QOSTANAY CREATIVE CULTURE жәрмеңкесі өтті. Іс-шара шығармашылық индустрияны, ұлттық мұраны және заманауи өнерді насихаттауға бағытталған. Елорда қонақтары мен тұрғындары Тобыл-Торғай өңірінің жетістіктері мен ерекшеліктерімен танысты. Мұнда Нью-Йорктегі “MobFilmFestival” Халықаралық фестивалінің финалисті атанған “Қалам” мобильді киносының тұсаукесері өтті. Welcome аймағында Қазақстан тарихында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай Өңірлік университеті студенттерінің қолымен жасалған алғашқы жарыс болид және VR-автомобильдерді құрастыру жобасы таныстырылды. Зергерлік бұйымдар мен сәндік-қолданбалы өнер залында қостанайлық шеберлердің ұлттық ою-өрнектері, табиғи тастан, керамикадан, ағаштан, металдан және қағаздан жасалған бірегей туындылар ұсынылды. Іс – шара барысында Қазақ ұлттық аспаптарының көрмесі ұйымдастырылды, онда көрнекті тұлғалардың атаулы домбыралары мен Республикалық айтыс жеңімпазы Айбек Қалидің “Алтын домбыра” бас жүлдесі көрсетілді . Шеберлер ағаш өңдеу, балауыз мүсін, киіз басу бойынша шеберлік сыныптарын өткізді. Open Workshop алаңында қостанайлық дизайнерлердің этноколлекциясы өткізілді. Жәрмеңке қонақтарына арналған концерттік бағдарламаны жаңадан қалпына келтірілген “Шертер” фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның солистері ұсынды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-madeniet/press/news/details/1258659?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау