Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің қабылдаған шаралары нәтижесінде жалақысы уақытында төленбеген 100-ден аса жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалып, жалақы берешегін өндіру жұмыстары жүргізілді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Кемел Иманғалиев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері департаментке еңбек қатынастарына қатысты 2 720 өтініш келіп түскен. Оның 2 327-сі қаралып, нәтижесінде 1 207 азаматтың еңбек құқықтары қорғалды.
Жүргізілген мемлекеттік бақылау шаралары барысында 15 кәсіпорында 99 жұмыскерге жалпы сомасы 69,3 млн теңге көлемінде жалақы берешегі анықталды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде алты кәсіпорындағы 50 жұмыскерге тиесілі 52,8 млн теңге көлеміндегі жалақы берешегі толық өтелді. Сонымен қатар профилактикалық және түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 34 кәсіпорындағы 70 жұмыскерге тиесілі 13,2 млн теңге көлеміндегі еңбекақы өндіріліп берілді.
Брифинг барысында еңбек қатынастарын цифрландыру бағытындағы жұмыстар да сөз болды. Бүгінде облыстағы 6 670 кәсіпорын Бірыңғай еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне 300 мыңға жуық электрондық еңбек шартын енгізіп, қамту деңгейі 92 пайызға жетті. Сондай-ақ шетелдік жұмыскерлердің еңбек шарттары толықтай электрондық форматта рәсімделуде.
Сонымен қатар, 2026 жылдың 12 наурыздан бастап электрондық еңбек шарттарын тіркеу талаптарына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Осыған сәйкес, еңбек шарттары туралы мәліметтерді белгіленген мерзімде енгізбеген немесе енгізілген өзгерістерді тіркемеген жұмыс берушілерге 30-дан 150 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті жұмыс берушілерді еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге және еңбек шарттарын уақтылы Еңбек.кз ақпараттық жүйесіне тіркеуге шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-inspekciya/press/news/details/1258348?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау