ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Австрияның Berglandmilch сүт кооперативі мен Грекияның Desserta Hellas компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге Қазақстанның Грекиядағы елшісі Тимур Сұлтанғожин де қатысты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанда сүт өнімдерін өндіру жобасын іске асыру перспективаларын талқылады. Жоба Қазақстан мен Грекия арасындағы екіжақты инвестициялық ынтымақтастық аясында пысықталуда. Оны іске асырудың түрлі форматтары қарастырылуда: жеке өндіріс орнын ашудан бастап қазақстандық серіктестермен бірлескен кәсіпорын құруға дейін, сондай-ақ өнімді дистрибуциялаудан оны Қазақстанда кезең-кезеңімен жергілікті жерде өндіруге көшу мүмкіндігі зерделенуде.
Тараптар сүтті қайта өңдеуді жергіліктендіру, ірімшік пен йогурт өндірісін дамыту, сүт жинау жүйесін және салқындату логистикасын жетілдіру, сондай-ақ озық технологияларды енгізу мен еуропалық сапа стандарттарын қолдану мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тамақ өңдеу өнеркәсібін жаңғыртуға басымдық береді. Berglandmilch пен Desserta Hellas секілді тәжірибелі еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты дамыту үшін зор әлеует бар деп санаймыз. Қазақстан тек өткізу нарығы ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ және Қытай нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін өндірістік-экспорттық алаңға айнала алады», – деді Әлібек Қуантыров.
Қазақстанның Грекиядағы Елшілігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырылған сапар аясында делегация ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен, «Бәйтерек» ҰБХ, «Атамекен», ҚР ҰҚП және QAZAQ SUT сүтті және аралас тұқымды ірі қара мал республикалық палатасының өкілдерімен кездесулер өткізді. Сондай-ақ делегация Ақмола облысындағы «Астана Өнім» АҚ-ның шаруашылығына барды.
Инвесторларға мемлекеттік қолдау шараларын, өндірісті орналастыруға болатын ықтимал алаңдарды және жергілікті серіктестерді қамтитын жобаны «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу тетіктері таныстырылды. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ жобаны оны іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты сүйемелдеуге дайын.
Berglandmilch – шамамен 11 мың фермерлік шаруашылықты біріктіретін Австриядағы ең ірі сүт кооперативі. Кооператив жыл сайын 1,3 млрд литрге жуық сүт өңдеп, өнімін әлемнің 50 еліне экспорттайды.
Desserta Hellas – кооперативтің Грекиядағы, Кипрдегі және Балқан өңіріндегі эксклюзивті серіктесі. Компания 2024 жылдан бастап өз ірімшік өндірісін дамытуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1259247?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау