Дроннан – аулаға дейін: Өңірдің бас полицейі тәртіп сақшыларының бір күнін БАҚ назарына ұсынды

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Полицияның күнделікті қызметі көбіне қарбалысқа және қозғалысқа толы өтеді. Алайда әрбір шақырту, әрбір патруль бағыты, әрбір технологиялық шешім – тұрғындардың қауіпсіздігі үшін атқарылып жатқан нақты жұмыс. Осы мақсатта Атырау облысы полиция департаменті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған пресс-патруль ұйымдастырып, полиция қызметінің бір күнін жақыннан көруге мүмкіндік берді. Пресс-патрульге Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Оңал Бекеев қатысып, журналистермен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бірнеше маңызды нысанды аралады.
 
Алғашқы аялдама – Исатай-Махамбет алаңындағы стационарлық полиция бекеті. Бұл – тәуліктің кез келген уақытында көмек сұрап келген азаматтың алғашқы үміт артатын орны. Қалта ұрлығы, жоғалған бала, ұсақ бұзақылық немесе кез келген құқықтық мәселе бойынша тұрғындар осы бекеттерге жүгінеді. Қазіргі таңда Атырау қаласында жеті стационарлық полиция бекеті тәулік бойы жұмыс істеп, күніне жүзге жуық азаматқа қызмет көрсетеді. Ал мереке және демалыс күндері бұл көрсеткіш екі-үш есеге дейін артады.
 
Журналистерге полиция жұмысының тағы бір қыры – әуе дрондарының қызметі таныстырылды. Биіктен бақылау жүргізетін заманауи құрылғылар бүгінде тек іздеу жұмыстарына ғана емес, қоғамдық тәртіпті сақтауға да белсенді пайдаланылып келеді. Тыйым салынған жерлерде суға түсу, абаттандыру қағидаларын бұзу, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу немесе жоғалған азаматтарды іздестіру – мұның барлығы дрондардың көмегімен жедел анықталады. Жыл басынан бері олардың көмегімен 80-нен астам құқық бұзушылық тіркелген.
 
Пресс-патрульдің келесі бағыты қала көшелеріне ойысты. Азаттық пен Абай көшелерінің қиылысында полиция қызметкерлері жол қозғалысын бақылауда қолданылатын «Ekin Patrol» мобильді автокешенінің жұмысын көрсетті. Қызметтік көлік қозғалыста келе жатып-ақ айналаны толық бақылауға алады. Мемлекеттік нөмірлерді автоматты түрде оқиды, іздеуде жүрген көліктерді анықтайды, жылдамдықты тіркейді. Құқық бұзушылық анықталған сәтте ақпарат бірден полицияның ақпараттық жүйесіне жолданып, жүргізушіге SMS-хабарлама жіберіледі. Бүгінде облыс аумағында мұндай 24 автокешен жұмыс істесе, жалпы автоматты бақылау жүйелерімен жабдықталған кешендердің саны 60-қа жеткен. Соның нәтижесінде жыл басынан бері 1700-ден астам құқық бұзушылық анықталған.
 
Пресс-патрульдің соңғы нүктесі – көпқабатты тұрғын үйдің ауласы. Себебі қауіпсіздік тек көшеден емес, әр ауланың тыныштығынан басталады. Қаныш Сәтпаев көшесіндегі кездесуде полиция генерал-майоры Оңал Бекеев тұрғындармен ашық пікір алмасып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бейнебақылау жүйелерін көбейту, интернет-алаяқтықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылады. Тұрғындар өз ұсыныстары мен сауалдарын қойып, жауаптарын тікелей департамент басшысынан алды.
 
Іс-шара соңында полиция генерал-майоры Оңал Бекеев журналистердің сұрақтарына жауап беріп, полиция қызметіндегі басты қағидат – ашықтық, халықпен серіктестік және заманауи технологияларды тиімді пайдалану екенін атап өтті. Пресс-патруль полиция жұмысының тек құқық бұзушылыққа ден қоюмен ғана шектелмейтінін көрсетті. Бұл – көшедегі патрульден бастап, әуедегі дронға, интеллектуалды бақылау жүйелерінен тұрғындармен ашық диалогқа дейін жалғасатын қауіпсіздік тізбегі. Ал осы тізбектің басты мақсаты – әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1259210?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version