14 шілдеде Ақтөбе қалалық мәслихатының индустриялық даму, инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында қала тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Күн тәртібінде жазғы кезеңде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Қазіргі таңда қалада 13 жағажай тұрғындарға қызмет көрсетуде. Демалыс орындарының санитарлық жағдайы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және көрсетілетін қызмет сапасына ерекше назар аударылды.
Қауіпсіздікті арттыру мақсатында ағымдағы жылы Астана ауданы әкімдігі Сазды өзенінің бойына 25, ал Алматы ауданы әкімдігі 30 «Суға түсуге тыйым салынады» белгісін орнатты. Комиссия барысында депутаттар жағажайлардың тазалығын тұрақты бақылауда ұстау, қоқыс контейнерлерін уақытылы тазарту, жағалау инфрақұрылымын жетілдіру және қауіпсіздік талаптарының сақталуын күшейту жөнінде ұсыныстарын айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақты қайта жаңғырту жұмыстарының барысы қаралды. Бүгінде жоба аясында заманауи аттракциондар іске қосылып, концерттік сахна жаңартылуда. Алдағы уақытта жаңа серуендеу аймақтары, көлеңкелі демалыс орындары, балалар ойын алаңдары, бірыңғай үлгідегі сауда павильондары, бейнебақылау жүйесі мен кеңейтілген автотұрақтар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, саябақ аумағын көгалдандыру жұмыстары жалғасуда.
Талқылау барысында депутаттар саябақтағы санитарлық тораптардың жағдайын жақсарту, медициналық пункт мәселесі, бағыттаушы ақпараттық тақтайшалар орнату және келушілерге қолайлы инфрақұрылымды дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Қала тұрғындары үшін қауіпсіз, жайлы әрі заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру – ортақ мақсат және бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-aktobe/press/news/details/1258082?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау