Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстардың, құқықбұзушылықтардың, суицидтің және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Жиында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын күшейту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.
Мәжілісте алғашқы болып Сауран аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Түймебаев Данияр баяндама жасап, кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалған қылмыстардың, құқықбұзушылықтардың, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында жүзеге асырылып жатқан профилактикалық іс-шаралар туралы мәлімет берді.
Келесі кезекте аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейіржан Адилбеков жасөспірімдер арасындағы суицидтің, құқықбұзушылықтың және ерте жүктіліктің алдын алу бағытында білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Баяндама барысында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналармен байланыс орнату және психологиялық қолдау жұмыстарын жетілдіру мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ жиында қызметтік автокөліктер бойынша берешектерді өндіру мәселесі қаралып, бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндады.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі жауапты мемлекеттік органдарға кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту, профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру және көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау барлық жауапты мекемелердің ортақ міндеті екені атап өтілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sauran-turkestan/press/news/details/1258825?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау