Қарағанды қаласында бейнебақылау камераларының көмегімен Ә. Бөкейхан атындағы полиция бөлімінің қызметкерлері дүкеннен жасалған ұрлық қылмысын жедел ашып, күдіктілерді ізін суытпай қолға түсірді. Оқиға 14 шілдеге қараған түні болған. Сағат 02:45 шамасында полицияның кезекші бөліміне қырағы тұрғыннан хабарлама келіп түсті. Ол жергілікті дүкендердің бірінің есік құлпы бұзылғанын байқап, уақыт оздырмай полицияға хабар берген. Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары есіктің күштеп ашылғанын анықтап, дүкен иесімен байланысқа шықты. Оқиға орнына келген кәсіпкер кассадағы ақшаның және бірқатар азық-түлік өнімдерінің қолды болғанын байқаған. Қылмыстың ашылуына бейнебақылау камералары шешуші ықпал етті. Камералар ұрлық жасалған сәтті толық тіркеп қалған. Бейнежазбаларды мұқият зерделеген жедел уәкілдер күдіктілердің жеке басын қысқа мерзімде анықтады. Олар көршілес көшеде тұратын 22 және 23 жастағы жергілікті тұрғындар болып шықты. Күдіктілер жедел түрде ұсталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері олардың осы аудан аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1258795?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау