Көкөністер мен жемістер – дұрыс әрі теңгерімді тамақтанудың маңызды бөлігі. Олар дәрумендерге, минералдарға және тағамдық талшықтарға бай. Сонымен қатар тұтынушылар ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру кезінде құрамында нитраттары бар азотты тыңайтқыштардың қолданылатынын білуі қажет.
Нитраттар – топырақта табиғи түрде болатын және өсімдіктер сіңіретін азот қышқылының тұздары. Олар ауыл шаруашылығы дақылдарының қалыпты өсіп-жетілуіне және өнімділігінің артуына ықпал етеді. Сондықтан нитраттар өсімдік шаруашылығында кеңінен қолданылады. Алайда көкөністер мен жемістерде олардың шамадан тыс жиналуы адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Адам ағзасына түскен нитраттардың бір бөлігі ішек микрофлорасының әсерінен нитриттерге айналады. Нитриттер қанның оттегін тасымалдау қабілетін төмендетіп, ағза тіндерінің оттегімен қамтамасыз етілуінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Әсіресе бұл балалар, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар және иммунитеті әлсіреген азаматтар үшін қауіпті.
Нитриттердің ағзаға көп мөлшерде түсуі кезінде жүрек айну, құсу, іш өту, жалпы әлсіздік, ұйқышылдық, бас ауруы, сондай-ақ ерін мен терінің көгеруі сияқты белгілер байқалуы мүмкін.
Нитраттардың тағам арқылы ағзаға түсу қаупін азайту үшін мынадай қарапайым ережелерді сақтау ұсынылады:
● көкөністер мен жемістерді тек рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алу;
● тұтынар алдында өнімдерді мұқият жуу;
● қажет болған жағдайда қабығын аршу;
● нитраттар көбірек жиналатын бөліктерін алып тастау: қиярдың екі ұшын, қызанақтың сағағы орналасқан бөлігін, тамыржемістердің сабағы жалғасқан жоғарғы бөлігін және төменгі ұшын кесіп тастау.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне тұрақты түрде мониторинг жүргізеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/1257862?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау