МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ҚАРАҚИЯ АУДАНЫ ҰБТ ҚОРЫТЫНДЫСЫМЕН І ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарақия ауданы биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша зор табысқа қол жеткізіп, білім сапасының жаңа деңгейіне көтерілді. 2025–2026 оқу жылында Қарақия ауданындағы 13 жалпы білім беретін мектепті барлығы 367 түлек аяқтады. Олардың ішінде өздерінің мектеп қабырғасында алған білімдерін сарапқа салып, болашақ мамандыққа жол ашатын Ұлттық бірыңғай тестілеуге 268 түлек қатысты. Бұл жалпы бітірушілердің 73,02 пайызын құрайтын айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Биылғы маусымда аудан бойынша ерекше көзге түсіп, білім шыңын бағындырған 16 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, тағы 21 оқушы «Үздік аттестатпен» мектеп бітірді.

Сынақ қорытындысы бойынша тестілеуге қатысқан түлектердің басым көпшілігі, атап айтқанда 249 оқушы шекті балды сенімді түрде жинап, жоғары оқу орындарына түсу құқығына ие болды. Әрине, кез келген үлкен емтиханда сәл де болса сәтсіздіктер орын алатыны заңдылық, биылғы жылы 19 түлек шекті деңгейден өте алмады. Десе де, бұл көрсеткіш жалпы ауданның жетістігіне көлеңке түсіре алмайды. Керісінше, биыл Қарақия өңірінде рекордтық нәтиже тіркелді: аудандағы ең жоғары көрсеткіш-139 балды Жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының түлегі бағындырып, аймақтың интеллектуалдық әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін дәлелдеді. Бұл тек жеке оқушының ғана емес, бүкіл ауданның білім беру сапасын көрсететін маңызды индикатор болып табылады.

Ең басты қуанышты жаңалық Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша ауданның орташа балының айтарлықтай өсуімен байланысты. Биыл Қарақия ауданының орташа балы 78,0 балды құрады. Бұл көрсеткішті өткен 2024–2025 оқу жылының нәтижелерімен салыстырғанда бірден 7,1 баллға жоғарылағанын көреміз. Дәл осы серпінді динамика мен жоғары көрсеткіштің арқасында Қарақия ауданы Маңғыстау облысындағы 5 аудан мен 2 қала арасында жетекші орынға шығып, орташа балл көрсеткіші бойынша аймақта дараланып, І орынды иеленді. Мұндай айтулы жеңіс ауданның білім беру саласындағы стратегиялық бағыттың дұрыс таңдалғанын және келешекте бұдан да биік асуларды бағындыруға толық мүмкіндігі бар екенін айқын көрсетеді.

Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1257888?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version