2026 жылғы 14 шілдеде Павлодар облысы бойынша № 46 мекемесінде Нельсон Мандела күніне орай «Нельсон Мандела қағидалары: Қазақстандағы сотталғандардың құқықтарын қорғау» тақырыбында дәріс өткізілді.
Өз сөзінде Омбудсменнің өкілі сотталған адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен заңнаманы жетілдіру мәселелеріне тоқталды.
2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы түрмедегілермен қарым-қатынас жасаудың ең төменгі стандартты қағидаларының жаңартылған редакциясын қабылдап, оны ХХ ғасырдың ең танымал саяси тұтқындарының бірі – Нельсон Манделаның құрметіне «Нельсон Мандела қағидалары» деп атады.
Аталған қағидалардың негізінде бас бостандығынан айырылған адамдардың қадір-қасиеті мен адамдық құндылығын құрметтеу, сондай-ақ азаптауға және қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне жол бермеу қағидаты жатыр. Қағидаларда тәртіптік шаралардан бастап медициналық көмек көрсетуге дейінгі көптеген мәселелер бойынша жан-жақты басшылыққа алынатын нормалар қамтылған. Мысалы, оларда сотталғандардың тамақтану рационы мен ауыз суын шектеуге, сондай-ақ шынжырлар мен кісендер сияқты адамның қадір-қасиетін қорлайтын немесе ауырсыну туғызатын күш қолдану құралдарын пайдалануға тыйым салынған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ombudsman-pavlodar-oblysy/press/news/details/1258543?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау