Кейбір мамандықтар жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссияға айналады. Полиция аға лейтенанты Медет Тұрабов үшін бұл жол – саналы түрде таңдалған өмірлік ұстаным әрі абыройлы міндет. Ол бала кезінен еңбекке құрмет, тәртіп пен жауапкершілікке негізделген ортада тәрбиеленді. Ертіс ауданындағы №2 орта мектепті тәмамдағаннан кейін ол құқық саласын таңдап, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды мақсат етті. Павлодар гуманитарлық колледжінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алып, кейін С.Торайғыров атындағы университетін бітірген ол құқық қорғау органдарында қызмет ету жолындағы мақсатына нық қадам басты. Ішкі істер органдарындағы алғашқы еңбек жолын 2019 жылы Ертіс аудандық полиция бөлімінің кадр саясаты тобы инспекторының көмекшісі қызметінен бастады. Оның кәсіби әрі тұлғалық қалыптасуында Өскемен қаласындағы №2017 әскери бөлімінде өткен мерзімді әскери қызметтің орны ерекше болды. Барлаушы-мерген ретінде әскери борышын өтеу оның мінезін шыңдап, төзімділікке, тәртіпке, жауапкершілікке және күрделі жағдайларда сабыр сақтай білуге үйретті.
Кәсіби біліктілігін арттыруға деген ұмтылыс Медет Тұрабовты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясына алып келді. Оқу орнын 2023 жылы аяқтағаннан кейін ол аға анықтаушысы лауазымына тағайындалды. Бүгінде ол полицияның аға лейтенанты ретінде осы бағыттағы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Анықтаушының қызметі – тек заңды жетік білу немесе құжат рәсімдеумен ғана шектелмейді. Әрбір істің артында адам тағдыры мен өмірлік жағдайлар тұрады. Сондықтан Медет Әбдірахманұлы өз қызметінде объективтілік, әділдік және әрбір азаматқа құрметпен қарау қағидаларын берік ұстанады.
– Офицер болу – халықтың сенімін күн сайын адал қызметіңмен, әділдігіңмен және жауапкершілігіңмен ақтау. Әрбір қабылданған шешімнің артында заң ғана емес, адам тағдыры да тұрады, – дейді полиция аға лейтенанты Медет Тұрабов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1259102?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау