Қазақстанда отандық өндірушілер жаңа жабдық сатып алуға жұмсаған шығындарының жартысына дейінгі бөлігін мемлекеттен қайтара алады. Қарағанды облысында мемлекеттік қолдаудың бұл тетігін шұжық өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың бірі пайдаланды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, «Тай» компаниясы 65 млн теңгеге шұжық өнімдерін қаптауға арналған заманауи жабдық сатып алған. Соның нәтижесінде өндірістің бір кезеңі автоматтандырылып, өнім шығару көлемі шамамен үштен бірге артқан.
Жабдық сатып алынғаннан кейін мемлекет кәсіпорынға 25,9 млн теңге көлемінде шығынның бір бөлігін өтеп берді.
— Бұл біз үшін елеулі қолдау. Қайтарылған қаражат өндірісті одан әрі жаңғыртуға, жабдықтарды жаңартуға және өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді, — деді «Тай» ЖШС техникалық директоры Серік Жұртыбаев.
Министрліктің түсіндіруінше, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларының операторы – QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы. Орталық шығындардың бір бөлігін екі бағыт бойынша өтейді: еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарыққа ілгерілету.
Атап айтқанда, кәсіпорындар технологиялық жабдық сатып алуға, цифрлық шешімдерді енгізуге, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және өндірістің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған өзге де жобаларды іске асыруға жұмсалған шығындардың 40–50%-ын өтей алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1258930?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау