Металлург күні қарсаңында Qarmet комбинатында дәстүр бойынша Даңқ аллеясы жаңартылды. Биыл мұнда болат департаментінің 60 қызметкерінің портреті қойылды.
Жаңартылған Даңқ аллеясының ашылу салтанатында шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі мерекелік көңіл күй сыйлады.
Ал мерекенің басты кейіпкерлеріне Құрмет грамоталары табысталды.
Конвертер цехы учаскесінің бастығы, комбинатқа 30 жылдан астам ғұмырын арнаған Толғат Түсіпов үшін бұл күн айрықша есте қаларлық болды.
— Толқу да бар, мақтаныш сезімі де бар. Бұл – тек өзім үшін ғана емес, туған комбинатым үшін де үлкен мәртебе. Таңертеңнен бері достарым мен жақындарымнан құттықтаулар қабылдап жатырмын, — деді ол.
Газ цехы қызметінің бастығы Евгений Попков компанияда 2009 жылдан бері еңбек етеді. Оның айтуынша, ең үлкен марапат – әріптестердің мойындауы.
— Еңбегімнің бағаланғаны қуантады. Бірақ барша әріптестеріме тілейтін ең басты тілегім – жұмыстың қауіпсіз болуы. Бізді әрдайым үйде жақындарымыз күтіп отырғанын ұмытпайық, — деді Евгений Попков.
Даңқ аллеясындағы әрбір портреттің артында кәсіби шеберлікке толы ұзақ жылдар, жоғары жауапкершілік және өз ісіне деген адалдық жатыр.
Qarmet компаниясының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1258296?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау