Қазақстан СІМ мен ЕҚДБ климаттық және инвестициялық жобаларды іске асырудағы стратегиялық әріптестікті нығайтуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы (ҚР) Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Климаттық стратегия және іске асыру департаментінің директоры – Тұрақты инфрақұрылым бағытының жетекшісі Фелисити Спорс бастаған делегациямен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар ҚР мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ тұрақты даму, «жасыл» қаржыландыру, энергетикалық көшу, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру және жеке секторды қолдау салаларындағы бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Кездесуде ҚР-дың әділетті энергетикалық көшу жөніндегі ұлттық инвестициялық платформасы – QaJET жобасына ерекше назар аударылды. Аталған бастаманы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында ұсынған болатын. ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен ЕҚДБ қолдауымен іске асырылып жатқан Платформаны одан әрі дамыту жөніндегі қадамдар, оның ішінде COP31 Конференциясы аясында ү.ж. қарашада Анталия қаласында ресми іске қосуға дайындықты, сондай-ақ халықаралық климаттық және инвестициялық қаржыландыруды тарту мәселелері қарастырылды.

Е.Ашықбаев Қазақстанның ЕҚДБ-мен стратегиялық әріптестікке ерекше мән беретінін және Банктің ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформаларды ілгерілетуге, сондай-ақ ұлттық климаттық күн тәртібін қолдауға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары ҚР Сыртқы істер министрлігінің QaJET платформасын халықаралық деңгейде ілгерілетуге, оның ішінде халықаралық қаржы институттарымен, серіктес мемлекеттермен, климаттық қорлармен және басқа да мүдделі тараптармен өзара іс-қимылды дамытуға жан-жақты дипломатиялық қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мен Қазақстанның климаттық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1259249?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version