Сарыағаш ауданында денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту және ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Осы мақсатта Ақжар және Дихан баба елді мекендерінде жаңа медициналық нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс алаңдарына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Нысандарды аралау барысында құрылыс сапасы, жұмыс қарқыны және белгіленген мерзімдердің сақталуы басты назарға алынды. Сонымен қатар мердігер ұйымдар мен жауапты сала мамандарына құрылыс-монтаж жұмыстарын талапқа сай әрі уақытылы аяқтау жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Аудан басшысы әлеуметтік маңызы жоғары бұл жобалардың тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтіп, әрбір құрылыс жұмысы сапалы орындалып, белгіленген стандарттарға толық сәйкес болуы керектігін айтты.
Қазіргі таңда Дихан баба елді мекеніндегі медициналық нысанда кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде. Ал Ақжар елді мекеніндегі ғимаратта ішкі әрлеу, сылақ жұмыстары мен терезелерді орнату жұмыстары атқарылып жатыр.
Жобалар толық аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындары алғашқы медициналық-санитариялық көмекті заманауи талаптарға сай жаңа нысандарда алып, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы едәуір арта түседі.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1258861?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау