САРЫАҒАШ: РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ НЫСАНДАРДЫҢ СӘУЛЕТТІК КЕЛБЕТІН РЕТКЕ КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен республикалық маңызы бар А-2 автомобиль жолы бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарының сәулеттік келбетін ретке келтіру мәселесіне арналған жұмыс кездесуі өтті.

Жиынға ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы, сәулет және құрылыс, қала құрылысы бөлімдері, қала және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ аталған жол бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарының иелері қатысты.

Кездесу барысында ауданның сәулеттік келбетін жақсарту, республикалық маңызы бар жол бойындағы кәсіпкерлік нысандарының сыртқы көрінісін заман талабына сай жаңғырту, абаттандыру және санитарлық тазалық талаптарын сақтау бағытындағы жұмыстар талқыланды. Атап айтқанда, нысандардың қасбеттерін жаңарту, қоршауларын ретке келтіру, жарнамалық және ақпараттық маңдайшаларын бірыңғай талаптарға сәйкестендіру, аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру бойынша атқарылатын жұмыстар пысықталды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерге нысандарды жаңғырту жұмыстарының кезеңдері түсіндіріліп, қаржыландыру көздері мен қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпарат берілді.

Жиын қорытындысында Арман Абдуллаев жауапты бөлімдер мен қала, ауылдық округ әкімдеріне кәсіпкерлермен бірлесіп, белгіленген жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыруды және олардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Аталған бағыттағы жұмыстар ауданның көрікті келбетін қалыптастыру және қолайлы кәсіпкерлік орта құру мақсатында жалғасын табатын болады.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1258059?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version