Атырау облысындағы 555 шақырым болатын теміржол желісін күтіп ұстау мен пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның «Атырау жол дистанциясында» еңбек ететін 660 жолшы атқарады. Бүгінде олардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Осы мақсатта Мұқыр, Кенбай, 3-разъезд және Афанасьев учаскелерінде жолшыларға арналған жаңа модульдік тұрмыстық ғимараттар орнатылды. Ал Жантерек, Доссор және Исатай учаскелеріндегі табельдік ғимараттар күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстар теміржолшыларға қолайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға бағытталған.
Жалпы, теміржол инфрақұрылымының техникалық жай-күйін тұрақты бақылау – жүк пен жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты міндеттердің бірі.
«Атырау жол дистанциясының» басшысы Темірзақ Нұрбайдың айтуынша, республикалық деңгейдегі инфрақұрылымдық жобаларға байланысты күрделі жөндеу келесі жылға жоспарланған. Соған қарамастан, биылғы орташа жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп келеді.
Жоспар бойынша биыл 9,2 шақырым теміржолға орташа жөндеу жүргізілуі тиіс. Қазір оның 4,5 шақырымы толық аяқталған. Сонымен қатар, тозығы жеткен ағаш шпалдар кезең-кезеңімен темір-бетон шпалдарға ауыстырылып, жолдың беріктігі мен пайдалану мерзімі ұзартылуда.
Бұдан бөлек, биыл 16 бағыттама бұрмасын жаңарту жоспарланған. Бүгінде олардың алтауы заманауи, тозуға төзімді құрылғылармен алмастырылды.
Былтыр өңірде 40,5 шақырым теміржолға күрделі, ал 10,2 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілген. Қазір жолшылар теміржолдың техникалық жай-күйін күн сайын бақылап, анықталған ақауларды дер кезінде жою арқылы пойыз қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етіп келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1258137?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау