Ақтөбе қаласының 71 жастағы тұрғыны алаяқтардың «құрығына» түсіп, бір күннің ішінде баспанасынан айырылып қалды. Қылмыскерлердің психологиялық қысымы мен алдын ала құрған сценарийіне сеніп қалған зейнеткер миллиондаған теңге несие рәсімдеп қана қоймай, өзгенің ақшасын шетелдік есепшоттарға аударып, өзі де байқамай дропперге айналған.
Бұл шытырман оқиға биыл 22 наурыз күні WhatsApp арқылы түскен қоңыраудан басталған. Өзін энергиямен жабдықтаушы мекеменің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам зейнеткерге электр есептегішті ауыстыру қажет екенін айтып, осыған байланысты 1414 нөмірінен келген растау кодын сұрайды. Еш күмәнданбаған қария кодты айтып берген.Арада бір күн өткен соң оған өзін банк қызметкері ретінде таныстырған тағы бір адам хабарласады. Ол зейнеткердің есепшотына қауіп төніп тұрғанын, белгісіз біреулер оның атына бірнеше несие рәсімдеуге әрекет жасап жатқанын жеткізеді. Көп ұзамай өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде таныстырған тағы бір адам қоңырау шалып, бұл мәселені ешкімге жария етпеуді, әйтпесе «арнайы операцияға» кедергі келетінін ескертеді.Осылайша бірнеше адамның үздіксіз қоңырауы мен психологиялық қысымына түскен зейнеткер алаяқтардың әр сөзіне сенген. Олар «қылмыскерлердің әрекетін тоқтатудың жалғыз жолы, өз атыңызға несие рәсімдеп, қаражатты қауіпсіз есепшотқа аудару қажет» деп түсіндіреді. Алаяқтардың айтқанын орындаған қария алдымен 500 мың теңге көлемінде несие рәсімдеп, көрсетілген есепшотқа аударады. Бұл оның басына түскен ауыр оқиғаның бастамасы ғана еді. Зейнеткердің немересінің айтуынша, алаяқтар әжені бірнеше күн бойы психологиялық қысымда ұстап, сеніміне әбден кірген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-baiganin-karauylkeldi/press/news/details/1258612?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау