Жамбылдық онкохирургтер өңірде алғаш рет төменгі ерінді бір мезетте қалпына келтіру отасын сәтті жасады
Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында алғаш рет төменгі еріннің жергілікті таралған қатерлі ісігіне шалдыққан науқасқа бір мезетте қалпына келтіру отасы сәтті жасалды.
Саттар Аппазов жетекшілік еткен операциялық топ ісікті толық алып тастап, төменгі ерінді бірден қалпына келтірді. Сондай-ақ қатерлі ісіктің таралу қаупін азайту мақсатында мойын аймағындағы лимфа түйіндеріне де ота жасалды. Заманауи әдістердің арқасында дәрігерлер науқастың төменгі ерінінің табиғи пішінін қалпына келтіріп, сөйлеу және тамақтану қызметін сақтап қалды
Отадан кейін бір ай өткен соң науқастың жағдайы жақсы. Жасалған емнің нәтижесінде төменгі еріннің қызметі мен сыртқы пішіні сәтті қалпына келді.
Бұл – Жамбыл облысындағы хирургиялық онкология саласының дамуындағы маңызды жетістік. Енді өңір тұрғындары күрделі реконструкциялық оталарды алу үшін республикалық жетекші клиникаларға бармай-ақ, жоғары технологиялық медициналық көмекті өз өңірінде ала алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1258691?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау