Елордада 6-9 тамыз аралығында бесінші рет Comic Con Astana фестивалі өтеді. Ауқымды іс-шарада кино, сериал, комикс, бейнеойын, аниме және заманауи поп-мәдениет жанкүйерлері бір алаңда бас қосады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
2026 жылы Comic Con Astana былтырғыдай бірден екі алаңда өтеді. Фестивальдің басты сахнасы мен хедлайнерлермен кездесулер Barys Arena кешенінде өтеді.
Ал «Алау» мұз сарайы тақырыптық аймақтар, компаниялар мен серіктестердің стендтері, ойын алаңдары, түрлі таныстырылымдар, интерактивті бағдарламалар және қонақтарға арналған ойын-сауық аймақтары орналасатын ауқымды көрме кеңістігіне айналады.
Comic Con Astana 2026 фестивалінің алғашқы хедлайнері ретінде «Тақтар ойыны» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлі арқылы әлемге танылған даниялық актер Николай Костер-Вальдау жарияланды. Оның фильмографиясында «Қара сұңқардың құлауы», «Аспан патшалығы», «Обливион», «Мысыр тәңірлері», «Мама», «Бос кеңістікке оқ», сондай-ақ «Оның маған айтқан соңғы сөзі» және «Патша мен жаулаушы» сериалдары бар.
Comic Con Astana қонақтарының қатарында тағы бір әлемге танымал актер – Иньяки Годой болады. Ол Netflix платформасындағы ең сәтті жобалардың бірі саналатын One Piece сериалында басты кейіпкер Манки Д. Луффиді сомдап, ең жас актерлерінің біріне айналды. Бұдан бөлек, ол «Жетілмегендер», «Сараны кім өлтірді?» секілді сериалдар арқылы да көрерменге жақсы таныс.
Фестиваль аясында Иньяки Годой басты сахнада жанкүйерлермен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап береді, сондай-ақ қолтаңба тарату мен фотосессияларға қатысады.
Халықаралық кино жұлдыздарымен қатар Comic Con Astana 2026 фестиваліне танымал блогерлер, контент авторлары мен әлемдік косплей индустриясының өкілдері де қатысады.
Фестивальдің арнайы қонақтары:
Kamui Cosplay – Германиядан келген, жоғары сапалы косплей костюмдерін жасаумен танылған әлемге әйгілі шығармашылық дуэт;
SuperCrastan (Даня Крастер) – ғылыми-көпшілік контент пен ерекше инженерлік жобаларымен танымал орыстілді YouTube-блогер;
Jane Kravitz – жұмбақ оқиғалар, зерттеулер және деректі бейнеэсселерге арналған YouTube арнасының авторы;
Karrambaby – сән, саяхат және күнделікті өмір туралы контент жариялайтын танымал ресейлік видеоблогер;
Dobryak – миллиондаған қаралым жинаған анимациялық роликтердің авторы, орыстілді YouTube кеңістігіндегі ең танымал аниматорлардың бірі;
Dalbek – фильмдер, мультфильмдер мен анимацияға арналған шолуларымен танымал қазақстандық блогер.
Comic Con Astana фестивалінің дәстүрлі бөлігі – халықаралық косплей байқауы. Жыл сайын түрлі елдердің үздік қатысушылары бас қосатын байқаудың биылғы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Бұл оны өңірдегі ең ірі косплей турнирлерінің біріне айналдырып отыр.
Өткен жылдары Comic Con Astana Орталық Азиядағы ең ірі заманауи поп-мәдениет фестивалі ретінде танылды. Әр жылдары оның хедлайнерлері қатарында Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт және Александр Кузнецов болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1259661?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау