Павлодар облысы, Аққулы ауданындағы білім беру ұйымдарының мектеп жанындағы бақшаларында биыл жазғы еңбек қызу жүріп жатыр. Арнайы бөлінген жер телімдерінде картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат, пияз, қияр, қызанақ және түрлі көкөністер мен көк шөптер жайқалып өсуде.
Ең бастысы – бұл тек өнім өсіру емес, еңбек пен тәрбиені ұштастырған үлкен мектеп. Педагогтер, мектеп қызметкерлері және оқушылар егістікті бірге суарып, арамшөптен тазартып, топырағын қопсытып, әр көшетті күтіп-баптауда. Осындай ортақ еңбек арқылы балалар жер өңдеудің қыр-сырын меңгеріп, жауапкершілікке, ұқыптылыққа және табиғатқа жанашыр болуға тәрбиеленуде.
Мектеп бақшаларында өсірілген өнім алдағы уақытта мектеп асханаларына жіберіліп, оқушылардың күнделікті тағамына пайдаланылады. Табиғи әрі сапалы көкөністер балалардың дұрыс және құнарлы тамақтануына, денсаулығын нығайтуға үлкен үлес қоспақ.
Бүгінде Аққулы ауданының мектеп бақшалары еңбек пен берекенің, экологиялық мәдениет пен тиімді ресурсты пайдаланудың жарқын үлгісіне айналып отыр. Жаз бойы жалғасатын бұл жұмыс жаңа оқу жылында мектеп оқушыларына мол өнім мен пайдалы ас сыйламақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1259396?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау