Бүгін «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Ақтөбе қаласының Мансап орталығының ұйымдастыруымен жұмыссыз азаматтарға, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларға, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға және алимент бойынша берешегі бар азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – халықтың әлеуметтік осал санаттарына еңбек нарығына қайта бейімделуге мүмкіндік жасап, тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал ету.
Жәрмеңкеге қаладағы бірқатар мекеме мен кәсіпорын қатысып, жұмыс іздеушілерге әртүрлі саладағы өзекті бос жұмыс орындарын ұсынды. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында техникалық жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Мәселен, «ЖБИ-25» ЖШС еден жуушы, жол монтері, КамАЗ, УАЗ және автобус жүргізушілері, сондай-ақ дәнекерлеушілерді жұмысқа қабылдауға дайын. «Ассана Дор Строй» ЖШС гудронатор жүргізушісін іздесе, «Актан Групп» ЖШС кондитер мамандарын жұмысқа шақырады.
Сонымен қатар жәрмеңкеде сату менеджері, арнайы техника жүргізушісі, В, С және D санатындағы жүргізуші, сатушы-кассир, жанармай құюшы, экспедитор-жүргізуші, электромонтер және басқа да мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары ұсынылды.
Жәрмеңке барысында қатысушыларға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары, мемлекеттік қолдау тетіктері, субсидияланатын жұмыс орындары және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар жұмысқа орналасу жолдары мен мемлекеттік бағдарламаларға қатысу тәртібі бойынша кеңес берді.
Бүгінде Ақтөбе облысы бойынша Электрондық еңбек биржасының enbek.kz порталында 2 700-ден астам бос жұмыс орны жарияланған. Порталда білім беру және тәрбиелеу, медицина және фармацевтика, көлік және логистика, өндіріс, құрылыс және сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен абаттандыру және басқа да салалар бойынша бос жұмыс орындары қолжетімді.
Жұмыс іздеушілер бос жұмыс орындары туралы толық ақпаратты enbek.kz порталынан немесе тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына жүгіну арқылы ала алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-social/press/news/details/1259585?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау