Ақтөбеде дайын құжаттарды жеткізу қызметіне
сұраныс артып келеді
Үйге дайын құжаттарды жеткізу қызметі азаматтарға ХҚКО-ға қайта бармай-ақ дайын құжаттарын алуға мүмкіндік береді. Бүгінде бұл қызмет Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді және Ақтөбе облысында да біртіндеп кеңінен қолданылып келеді. 2026 жылдың басынан бері өңірде дайын құжаттарды жеткізу бойынша шамамен 50 тапсырыс орындалды.
Жеткізу қызметін мемлекеттік қызметке өтініш беру кезінде рәсімдеуге болады. Ол үшін жеткізу мекенжайын көрсетіп, қызмет ақысын төлеу жеткілікті. Құжат дайын болғаннан кейін курьер қызметалушымен байланысып, құжатты көрсетілген мекенжайға жеткізеді. Құжатты тапсыру кезінде қызмет алушының жеке басы жеке куәлігі мен растау коды арқылы сәйкестендіріледі.
Бұл сервис уақытын үнемдеуді қалайтын немесе ХҚКО-ға жеке келуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін өте қолайлы.
Курьерлік жеткізу 15 мемлекеттік қызмет түрін қамтиды. Олардың қатарында туу, неке қию, некені бұзу және қайтыс болу туралы қайталама куәліктер, архивтік анықтамалар, білім туралы құжаттардың телнұсқалары, апостиль қою, сондай-ақ азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру қызметтері бар.
Қызмет құны – 1036 теңге.
Сонымен қатар, жеткізу барысын толық бақылауға болады. Тапсырыстың мәртебесін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы қадағалауға мүмкіндік бар.
Аталған сервис азаматтардың дайын құжаттарды алу процесін барынша ыңғайлы етуге, уақытын үнемдеуге және ХҚКО-ға қайта келу қажеттілігін азайтуға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-aktobe-shalkar/press/news/details/1259365?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау