Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері өңірдегі медициналық ұйымдарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, кең көлемде түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.
Іс-шара барысында медицина ұйымдарының басшылары мен жауапты қызметкерлеріне профилактикалық бақылау мен жоспардан тыс тексерулердің негізгі мақсаты түсіндірілді. Атап айтқанда, мұндай тексерулердің басты міндеті – құқық бұзушылықтарды анықтап, әкімшілік шаралар қолдану емес, керісінше өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюға ықпал ету және төтенше жағдайлардың алдын алу екені жеткізілді.
Сонымен қатар тексеру кезінде назар аударылатын негізгі талаптар кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, эвакуациялық шығу жолдарының ашық әрі қолжетімді болуы, өрт дабылы және хабарлау жүйелерінің жарамдылығы, алғашқы өрт сөндіру құралдарының толық жинақталуы мен жарамдылық мерзімі, электр қондырғыларының қауіпсіз пайдаланылуы, сондай-ақ персоналдың өрт шыққан жағдайда іс-қимыл жасауға дайындық деңгейі жөнінде түсіндірме берілді.
Практикалық бөлімде ТЖБ қызметкерлері медицина ұйымдары қызметкерлеріне алғашқы өрт сөндіру құралдарын тиімді пайдалану тәртібін көрсетті. Өрт сөндіргіштердің түрлері, оларды қолдану ерекшеліктері, қауіпсіздік талаптары және өрттің бастапқы кезеңінде жалынды сөндіру тәсілдері түсіндіріліп, тәжірибелік көрсетілім ұйымдастырылды.
Мамандар мұндай профилактикалық жұмыстардың басты мақсаты – медицина ұйымдарында өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру, қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру және адамдар көп шоғырланатын нысандарда төтенше жағдайлардың алдын алу екенін атап өтті.
Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы медициналық ұйымдардың басшылары мен қызметкерлерін өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, анықталған кемшіліктерді уақытылы жоюға және қызметкерлердің өрт кезіндегі іс-қимылдарға дайындығын тұрақты түрде жетілдіріп отыруға шақырады. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алудың басты кепілі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-atyrau/press/news/details/1259886?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау