Павлодар облысы, Май ауданының Малайсары ауылында жазғы демалыс қызықты оқиғалар мен жаңа достыққа толы өтуде. Ауылдағы аулалық клуб балалар үшін жай ғана бас қосатын орын емес, шығармашылық пен дамудың, ойын мен танымның орталығына айналды.
1 шілдеден бастап өз жұмысын бастаған клуб күн сайын балалардың шат күлкісіне бөленуде. Мұнда әр бала өз қызығушылығына сай іс таба алады: бірі сурет салып қиялын дамытса, енді бірі қолөнермен шұғылданып, ерекше туындылар жасайды. Тоғызқұмалақ пен шахмат ойнаған жеткіншектер логикалық ойлауын шыңдап, түрлі танымдық ойындар арқылы жаңа білімге жол ашады.
Ең бастысы – аулалық клубтың есігі барша балаға ашық. Жазғы демалыста ауылға ата-әжесіне немесе туыстарына келген қонақ балалар да клубтың белсенді қатысушысына айналып, жаңа достар тауып, қызықты уақыт өткізуде.
Мұндай бастамалар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың шығармашылығын дамытып, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырады. Малайсарыдағы аулалық клуб бүгінде жазғы демалыстың ең тартымды мекеніне айналып, әр балаға ұмытылмас естеліктер сыйлауда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1259384?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау