ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Сапар аясында министр Көкшетау қаласында салынып жатқан ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған оңалту орталығының құрылысымен танысты.
Аталған нысан Мемлекет басшысының еліміздің өңірлерінде оңалту орталықтарын салу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 6 орталық пайдалануға берілсе, тағы 4 нысанның, оның ішінде Ақмола облысындағы орталықтың құрылысы жалғасуда.
Құрылыс алаңын аралау барысында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Азамат Байқуанышев пен мердігер ұйым – «Мейір-М» ЖШС-нің директоры Ерлан Әлиев министрге жобаның іске асырылу барысы туралы баяндады. Бұған дейін жосықсыз мердігердің қызметі мен нарықта құрастырмалы темірбетон бұйымдарының тапшылығы салдарынан құрылыс жұмыстары едәуір кешеуілдеп, жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізу қажеттілігі туындаған. Қазіргі таңда бұрынғы мердігермен жасалған шартты бұзудың заңдылығы сот шешімімен расталып, құрылыс жұмыстарын жаңа мердігер – «Мейір-М» ЖШС жалғастыруда.
«Қазіргі уақытта жобаға монолитті темірбетон конструкциялық жүйесіне көшу бойынша түзетулер енгізіліп жатыр. Бұл дайын темірбетон бұйымдарын жеткізуге тәуелділікті жояды. Сонымен қатар жобада ғимараттың қасбеті мен технологиялық жабдықталуы да жаңартылады», – деді Азамат Байқуанышев.
Министр мердігерлерге қатысты мәселелер Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындауға кері әсер етпеуі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапасына және халықтың жүріп-тұруы қиын топтары үшін қолжетімділік талаптарының толық сақталуына ерекше назар аударуды тапсырды.
Орталық 150 орынға есептелген және мүгедектігі бар адамдарға кешенді оңалту қызметтерін көрсетуге арналған.
«Оңалту орталығы жай ғана жаңа ғимарат емес, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге, әлеуметтік бейімделуіне және өмір сүру сапасын арттыруға барлық жағдай жасалған заманауи мекеме болуы тиіс», – деді Асқарбек Ертаев.
Жұмыс сапары аясында Ақмола облысы әкімдігінде министрдің төрағалығымен әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Кеңеске Ақмола облысы әкімінің орынбасарлары, салалық басқармалардың, аумақтық бөлімшелердің басшылары және мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кеңес қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, ақпараттық жүйелерді өзектендіру және әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығын арттыру жөнінде бірқатар ұсынымдар берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1259302?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау