Ербол Қарашөкеев Мойынқұм ауданының тұрғындарымен кездесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен елді мекендердегі өзекті мәселелерді талқылады.

Жиын Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес еркін форматта өтті. Тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін айтып, көкейлеріндегі сауалдарын облыс әкіміне тікелей жолдады.

Алдымен өңір басшысы облыстың даму жоспары мен Мойынқұм ауданының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды.

Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында ауданның барлық негізгі саласында оң өсім қалыптасқан. Бұған инвестициялық белсенділіктің артуы, құрылыс саласының қарқынды дамуы және агроөнеркәсіптік кешендегі тұрақты өндіріс көлемі ықпал еткен.

Қаңтар-маусым айларында ауданның негізгі капиталына 18,3 млрд теңге инвестиция

Атап айтқанда, Франция инвесторлары Мирный ауылында жобалық құны 765 млрд теңгені құрайтын «Total Energies» («Ақтас Энерджи» ЖШС) жел электр станциясының құрылысын жүргізуде. Үш жылға жоспарланған жоба аясында құрылыс кезеңінде 2 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, пайдалануға берілгеннен кейін 200 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Бұдан бөлек, 2026-2027 жылдары жалпы құны 90,6 млрд теңгені құрайтын жел және күн электр энергиясын өндіруге бағытталған тағы үш жобаны іске асыру көзделген. Сонымен қатар Мойынқұм ауылы маңында көмір өндіру жобасы жүзеге асырылмақ.

Алты ай ішінде құрылыс жұмыстарының көлемі 8,3 млрд теңгені, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2,3 мың шаршы метрді құрады.

Биыл Биназар, Бірлік, Мойынқұм, Мыңарал, Шығанақ және Құмөзек ауылдарындағы ауыз су нысандары мен су құбырларын қайта жаңғыртуға жалпы 8,5 млрд теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ облыстық маңызы бар «Бірлік–Мойынқұм–Ұланбел» автомобиль жолының 10–26 шақырым аралығын орташа жөндеуге облыстық бюджеттен 930,3 млн теңге қарастырылды. Нәтижесінде Көкжелек пен А.Назарбеков ауылдарының арасындағы жолға орташа жөндеу жүргізілді.

Мойынқұм ауылы іргесіндегі Радай өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысына республикалық бюджеттен 555 млн теңге, облыстық бюджеттен 60 млн теңге бөлініп, нысан толық аяқталды.

Ал Қарабөгет ауылына кіреберістегі аудандық маңызы бар автомобиль жолындағы көпірдің құрылысына 354 млн теңге бөлініп, пайдалануға берілді.

Бірлік ауылындағы орталық стадион қайта жаңғыртылып, ел игілігіне ұсынылды.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Айдарлы ауылында спорттық-сауықтыру кешені, кітапхана және 90 орындық клуб салынып, пайдалануға берілді.

Бірлік ауылындағы орталық саябақ толық жаңғыртудан өтті.

Төтенше жағдайлар саласында заманауи өрт сөндіру бекеті биыл наурыз айында пайдалануға берілді.

Білім беру саласында өткен жылы апатты деп танылып жабылған Күшаман ауылындағы Амангелді орта мектебінің орнына 80 орындық жаңа мектеп салу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Газдандыру бағытында ауданның тоғыз елді мекеніне газ құбырларын тартуға республикалық және облыстық бюджеттен жалпы 18,4 млрд теңге бөлініп, бірінші кезеңнің жұмыстары толық аяқталды.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауларында өңірлердің орнықты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруды мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті – тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейдегі әкімдердің үйлесімді іс-қимылы арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылады.

Халық игілігі жолында атқарылған әрбір іс – қоғамдағы бірлік пен татулықтың, өзара сенім мен жауапкершіліктің нақты көрінісі. Бүгінгі жетістіктердің барлығы тұрғындардың қажырлы еңбегі мен ортақ мақсатқа жұмылған күш-жігерінің нәтижесі, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында тұрғындар аудандық орталық аурухананы күрделі жөндеу, бюджет қаражатының тиімді игерілуі, бұрынғы балабақша ғимаратын жаңғырту, жаңа балабақша салу, автобекет ашу, қоғамдық көлік қатынасын жолға қою, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие беру, спорт кешенін салу және өзге де мәселелерді көтерді.

Ербол Қарашөкеев әрбір сауалға жан-жақты жауап беріп, көтерілген ұсыныстар мен өтініштердің назардан тыс қалмайтынын айтты.

Кездесу қорытындысында аймақ басшысы аудан әкіміне жүзеге асырылып жатқан жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заң талаптарына сай әрі уақытылы жүргізілуін, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді игерілуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Сонымен бірге аудандық полиция бөлімі мен төтенше жағдайлар қызметіне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау және төтенше жағдайлардың профилактикасын күшейту міндеттелді.

Кездесуден кейін өңір басшысы Мойынқұм ауданының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1260044?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version