2026 жылғы 15 шілдеде Қарағанды қаласында «Keruen Inn» желісінің жаңа қонақүйінің ашылу рәсімі өтті.
Бұл — Қарағанды облысында ашылған желінің екінші қонақүйі. Бұған дейін, 2026 жылғы 15 маусымда, «Keruen Inn» қонақүйі Қарқаралы қаласында ашылған болатын. Алдағы уақытта желінің тағы бір нысанын Балқаш қаласында ашу жоспарланып отыр.
Жоба Қазақстан Республикасының Инвестициялық штабы мақұлдаған «2025–2029 жылдары 60 Keruen Inn қонақүйін ашу» инвестициялық жобасы аясында жүзеге асырылды. Қарағандыдағы жаңа қонақүй аталған жоба шеңберінде іске қосылған жетінші нысан болды.
«PetroRetail» ЖШС Қазақстан нарығында 2019 жылдан бері жұмыс істейді және Qazaq Oil, Gas Energy және Keruen Inn брендтерін басқарады. Бүгінде компанияның басқаруында еліміз бойынша 426-дан астам жанармай құю станциясы бар. Қарағандыдағы жаңа нысан ашылғанға дейін Keruen Inn желісі алты қонақүйден тұрған.
Қонақүйдің іске қосылуы нәтижесінде 21-ге дейін жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бұл қызмет көрсету саласының дамуына, жұмыспен қамтудың артуына, сондай-ақ қаланың туристік және іскерлік инфрақұрылымының кеңеюіне ықпал етеді.
Жобаны іске асыру барысында жергілікті атқарушы органдар жер учаскесін ресімдеу және қажетті инженерлік коммуникацияларға қосу мәселелері бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті сүйемелдеу жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, кәсіпкерлік қоғамдастықтың өкілдері және шақырылған қонақтар қатысты. Қатысушылар жаңа нысанның инфрақұрылымымен және қонақүй қызметін ұйымдастыру бағыттарымен танысты.
Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы өңірде инвестициялық жобаларды іске асыруға және кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-industry/press/news/details/1259668?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау