Қарағандының киберқалқаны: «Hi-Tech» операциясы интернет-алаяқтардың жолын кесуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысында киберқылмысқа қарсы күрес күшейтілді. 1 шілдеден бастап өңірде «Hi-Tech» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның негізгі мақсаты – ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын интернет-алаяқтықтың алдын алу, тұрғындардың цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және азаматтарды алаяқтардың жаңа айла-тәсілдерінен қорғау. Осы бағытта Қарағанды облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері халық арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, интернет-алаяқтар қолданатын жаңа схемаларды анықтап, олардың жолын кесу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. 12 шілдеде орын алған жағдай қылмыскерлердің азаматтардың сеніміне кіру үшін қандай күрделі әдістерді қолданатынын көрсетті. Қарағанды қаласының 69 жастағы тұрғыны өзін банк қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамның арбауына түскен. Алаяқ әйелге «арнайы операция жүргізіліп жатыр» деген сылтаумен жинақтаған 16 миллион 300 мың теңгені Алматы қаласына жіберу арқылы ғана ақшасын сақтап қалуға болатынына сендірген. Алайда қырағы такси жүргізушісінің азаматтық ұстанымы ауыр зардаптың алдын алды. Жолаушының мазасыз күйін байқаған жүргізуші еш кідірместен полицияға хабар берген. Оның жедел әрекетінің нәтижесінде полиция қызметкерлері уақытылы араласып, аса ірі көлемдегі қаражаттың алаяқтардың қолына түсуіне жол бермеді. Өкінішке қарай, Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің жедел әрекетіне қарамастан, Алматы қаласында ақшаны алып кетуге келген курьерді ұстау мүмкін болмады. Себебі алаяқтардың ықпалында қалған жәбірленуші полиция қызметкерлерінің келгені туралы қылмыскерлерге хабарлап қойған. Осыны пайдаланған күдіктілер оқиға орнынан бой тасалап үлгерген. Бұл жағдай интернет-алаяқтардың психологиялық қысым көрсету, қорқыту және азаматтарды асығыс шешім қабылдауға мәжбүрлеу тәсілдерін жиі қолданатынын тағы бір мәрте дәлелдейді. Сондықтан полиция азаматтарды күмәнді қоңырауларға сенбеуге, бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармауға және ешкімге банк картасының деректері мен құпия кодтарын бермеуге шақырады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полицейлер қылмысқа қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау және оларды заң алдында жауапқа тарту бағытында қажетті жедел-іздестіру және тергеу шараларын жалғастыруда. Қарағанды облысының полициясы тағы бір мәрте ескертеді: банк қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері немесе мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді. Егер сізге осындай қоңырау түссе, әңгімені бірден тоқтатып, «102» арнасына немесе өзіңіз қызмет алатын банктің ресми байланыс орталығына хабарласыңыз. Қырағылық – қаржылық қауіпсіздіктің басты кепілі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1259369?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version