Петропавл – Ақтөбе қаласына ең жақын орналасқан ауылдардың бірі. Облыс орталығынан ауылға дейінгі қашықтық шамамен 35 шақырым.
Ауылдың дамуы үшін жол инфрақұрылымын жетілдірудің маңызы зор. Қарғалы ауылына сапарлатқан облыс әкімі Асхат Шахаров Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл ауылына барды. Кіреберіс жол құрылысымен танысты.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, Қарғалы ауданында автомобиль жолдарын салу және күрделі жөндеу бағытындағы ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі уақытта ұзындығы 7 шақырымды құрайтын Ақтөбе – Орск – Петропавл – Хазірет автожолына күрделі жөндеу жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының 70 пайызы орындалған, асфальт-бетон жабынының төменгі қабаты төселді. «АССАНА ДорСтрой» ЖШС нысанды осы айдың соңына дейін толық пайдалануға беруге сендірді.
Сонымен қатар, Қасқыр сарқырамасына апаратын автомобиль жолының құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ Степной ауылына кіреберіс жол күрделі жөндеуден өтуде. Бадамша және Шәмші Қалдаяқов ауылдарындағы жолдар да жөнделіп жатыр. Бұл жобалардың барлығы аудан елді мекендерінің көлік қатынасын жақсартып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындар мен туристер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Өңір басшысы барлық жол жобалары белгіленген мерзімде әрі сапа талаптарына сай аяқталуы тиіс екенін атап өтті.
«Ауыл тұрғындары үшін сапалы жол – тек жайлылық қана емес, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік, экономиканың және туризмнің дамуы. Сондықтан мердігер ұйымдар жұмысты сападан айырмай, уақытында аяқтауы қажет», – деді аймақ басшысы.
Петропавл ауылында 2,5 мыңнан астам адам тұрады. Ауылдық округ аумағында 6 ЖШС, 27 шаруа қожалығы және 120 шағын бизнес субъектісі жұмыс істейді. Экономиканың негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы.
Ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі – аралас ауыл шаруашылығымен айналысатын «Интер Агро» ЖШС. Кәсіпорын 12,6 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін игеріп, егін және мал шаруашылығын қатар дамытып келеді. Биыл 4 109 гектар алқапқа дәнді, майлы және мал азықтық дақылдар егілді. Сонымен бірге шаруашылықта 355 бас ірі қара мал өсіріледі.
«Интер Агро» ЖШС-нің басшысы Қазбек Өтесінов кәсіпорынның жыл бойы жұмыс істеу жүйесіне көшкенін айтты.
«Бұрын көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім науқаны аяқталғаннан кейін жұмысшыларды уақытша босатуға тура келетін. Қазір қызметкерлеріміз жыл он екі ай тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында тұрақты негізде 15 адам еңбек етеді», – деді Қазбек Өтесінов.
Оның айтуынша, жыл бойғы жұмыспен қамту білікті мамандарды сақтап қана қоймай, кәсіпорынның маусымға тәуелсіз тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
«Интер Агро» сияқты шаруашылықтардың дамуы аграрлық сектордың нығаюына және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын одан әрі дамыту, заманауи тәсілдерді енгізу және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтудың маңызын атап өтті.
«Біздің міндетіміз – ауылдық аумақтардың дамуына жағдай жасау, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау және халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. Қуатты ауыл шаруашылығы – аудандардың орнықты дамуының негізі», – деді өңір басшысы.
Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Өнербаевтың айтуынша, биыл аудан диқандары мол өнім күтуде.
Оның сөзінше, мамыр айындағы егіс науқаны кезінде жауған нөсер жаңбыр егіс алқаптарының жай-күйіне оң әсер еткен. Көктемде ылғалдың жеткіліксіздігі сезілгенімен, маусым-шілде айларындағы жауын-шашын жағдайды айтарлықтай жақсартқан.
«Қазір негізгі мәселе – өнімнің сапасы. Екі жыл бұрын әр гектардан шамамен 13 центнер өнім алсақ, былтыр бидайдың түсімі гектарына 15 центнерге жетті. Биыл бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болады деп күтіп отырмыз», – деді Нұрлыбек Өнербаев.
Жалпы, ауданда 110 мың гектарға жуық жерге егін егілген. Оның ішінде бидай, майлы дақылдар, картоп және көкөніс дақылдары бар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1259278?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау