ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ІРІ КЛАСТЕРЛІК ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Сапардың басты мақсаты – өңірдегі су үнемдеу технологияларын ендіру, мақта-тоқыма және ет кластерін дамыту, сондай-ақ инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тікелей бақылап, отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау мәселелерін талқылау.

Министр өңірдегі сапарын Сауран ауданындағы «Датқа» шаруа қожалығынан бастады. Мұнда отандық мақта сорттарының егістік алқаптарын аралап, заманауи селекциялық технологиялар арқылы өнімділікті арттыру жоспарларымен танысты және жергілікті шаруалармен кездесті.

Бұдан кейін министр Отырар ауданындағы елімізде тұңғыш рет қолға алынған «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС қызметін зерделеді. Жобаның басты мақсаты — шикізатты экспорттап қана қоймай, ел ішінде терең өңдеп, дайын өнім шығару.
Кластердің жұмыс істеу принципі:
Егістік: Су үнемдеу технологияларын (тамшылатып суару) қолдана отырып, мақта өсіру.
Алғашқы өңдеу: Шитті мақтаны талшыққа айналдыратын заманауи зауыттар жұмысы.
Иіру және тоқу: Мақта талшығынан жоғары сапалы жіп (пряжа) иіру, мата тоқу және оны бояу.
Тігін өндірісі: Дайын киім-кешек пен үй тоқыма бұйымдарын (төсек жабдықтары, сүлгілер) шығару.

Сапар аясында мал шаруашылығы бағытындағы ірі жобаларға ерекше көңіл бөлінді. Министр өңірдегі “Turkestan Agro.kz” ЖШС (Арыс қаласы) тұңғыш заманауи ірі қара мал бордақылау кешенінің жұмысымен танысты. Кешен малды өнеркәсіптік әдіспен бордақылап, ет өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен тұрақты қамтамасыз етеді. Мемлекет тарапынан бұл бағытта субсидия бөлу, жем-шөп базасын дамыту үшін суармалы жерлерді игеру және жеңілдетілген несие беру жұмыстары жүйелі жүріп жатыр.

Сондай-ақ, қуаттылығы жылына 40 мың тонна ет өнімдерін өңдеуге қауқарлы «KAZ ECO MEAT» ЖШС ет комбинаты (Сайрам ауданы) заманауи кешенінің технологиялық процесі назарға алынды. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы бір ауысымда 500 бас ірі қара мен 600 бас ұсақ малды өңдеуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын заманауи технологиялармен және жоғары техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Іс-сапар барысында Айдарбек Сапаров «Түркістан облысы — еліміздің негізгі аграрлық аймақтарының бірі. Бүгінгі танысқан мақта-тоқыма және ет кластері жобалары – тек өңірді емес, тұтас елімізді отандық сапалы өніммен қамтып, экспорттық әлеуетімізді арттыруға тікелей ықпал ететін бастамалар. Мемлекет тарапынан шаруаларды қолдау, субсидиялау және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасады», — деп атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-auyal-zharuazhalyk/press/news/details/1259530?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version