Құрылтай сайлауы – халық еркін білдіретін маңызды саяси науқан
2026 жылдың 23 тамызында Қазақстан Республикасының азаматтары еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды тарихи сәтке — жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысады. Бұл науқан — мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғырту жолындағы батыл қадам әрі халықтың шынайы еркін білдіретін, заң шығару қызметін жүзеге асыратын өкілді органды қалыптастырудың айрықша кезеңі. Өзімізге жүктелген жауапкершілікті терең сезіне отырып, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі сайлау комиссияларымен бірлесіп, бұл науқанды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу үшін жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Біздің басты бағытымыз бен бұлжымас қағидатымыз — заңдылық, ашықтық, жариялылық және әділдік. Қазіргі таңда облыс аумағында 952 сайлау учаскесі толыққанды жұмыс істеп тұр. Онда 6290 сайлау комиссиясының мүшесі қызмет атқарады. Сайлау процесінің мінсіз өтуі тікелей мамандардың кәсібилігіне байланысты болғандықтан, біз барлық комиссия мүшелерін сайлау заңнамасындағы жаңа өзгерістер мен дауыс беру рәсімдері бойынша кезең-кезеңімен оқытудан өткіздік. Бұл дауыс беру күні заң талаптарының толық әрі мүлтіксіз орындалуына кепіл болады.
Сонымен қатар, сайлаушылардың конституциялық құқығын қорғау — біздің тікелей міндетіміз. Осы орайда, ерекше қажеттіліктері бар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыздың кедергісіз дауыс беруіне баса назар аударып отырмыз. Барлық сайлау учаскелері қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталып, оңтайлы жағдайлар жасалуда. Оған қоса, комиссиялар тарапынан сайлаушылар тізімінің нақтылығын қамтамасыз ету, кандидаттарды тіркеу және үгіт-насихат кезеңін заң шеңберінде сауатты ұйымдастыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.
Сайлаудың әділ әрі ашық өтуі — тек сайлау комиссияларының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ абыройы мен жауапкершілігі. Сондықтан саяси партияларды, қоғамдық ұйымдарды, байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарын заң аясында сайлау процесіне белсенді атсалысып, оның транспаренттілігін қамтамасыз етуге шақырамын.
Әрбір азаматтың таңдауы — еліміздің ертеңгі бағытын айқындайды. Осы ретте Түркістан облысының барша тұрғындарын 23 тамыз күні өздерінің азаматтық парызына бейжай қарамай, сайлау учаскелеріне келіп, белсенді түрде дауыс беруге шақырамын. Халықтың сенімі мен еркін таңдауына негізделген әділ сайлау — тұрақты мемлекеттің, дамыған қоғамның және жарқын болашағымыздың берік кепілі.
Бақытбек ХАСАНОВ,
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-tyulkubas-audany/press/news/details/1259406?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау