Дәл қазір ШҚО орталығында осы жексенбіде атап өтілетін Металлург күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп жатыр. Сала өкілдерін кәсіби мерекесімен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтады.
Өңір басшысы өз сөзінде металлургияның Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінің негізі екенін атап өтті. Бүгінде өңірде елдің металлургия саласының шамамен 60 пайызы шоғырланған, Қазақстандағы мырыш шикізатының 100 пайызы және тазартылған күмістің шамамен 70 пайызы өндіріледі. Облыста 70-тен астам өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді, олардың 80 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
Өңірдің ерекше мақтанышы – сирек кездесетін әрі стратегиялық маңызы бар металдарды өндіретін кәсіпорындар. Олардың қатарында «Казцинк», Үлбі металлургия зауыты, Өскемен титан-магний комбинаты, «Шығыстүстімет» және отандық өнеркәсіптің өзге де көшбасшы кәсіпорындары бар. Үлбі металлургия зауыты ТМД елдеріндегі тантал өнімдерін шығаратын жалғыз кәсіпорын болып қала береді. Сонымен қатар бұл- атом электр станцияларына арналған уран отынын өндіретін бірегей өндіріс орны.
«Бүгінде саланың алдында өндірісті цифрландыру, заманауи технологияларды енгізу, экологиялық тиімділікті арттыру және шикізатты терең өңдеуді дамыту сияқты жаңа міндеттер тұр. Металлургтердің кәсібилігінің арқасында Шығыс Қазақстан еліміздің жетекші индустриялық өңірлерінің бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түсуде», – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімі сала ардагерлерін құттықтап, олардың көпжылдық еңбегі, мамандыққа деген адалдығы және отандық металлургияның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар, «Казцинк» компаниясы өндірістік апаттардың салдарын жоюға және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысатын мамандандырылған бөлімшелердің құтқарушыларына бір миллион теңге сомасына сертификаттар табыс етті.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1260049?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау