Қарағандыда ECO FEST – «Заң мен тәртіп» экологиялық фестивалі өтті. Іс-шара қоршаған ортаны қорғау идеясы төңірегіне әртүрлі жастағы қала тұрғындарын біріктірді.
Экофестиваль аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі пластик бөтелкелерді жинау акциясы болды.
Қала тұрғындары бастаманы белсенді қолдап, пластик ыдыстарды қайта өңдеуге тапсырды.
Алғыс ретінде қатысушылар тапсырған бөтелкелерінің санына қарай балмұздақ, хайуанаттар бағына, балалар теміржолына және киноға билеттер алды.
Барлығы 8 мыңнан астам балмұздақ пен кинотеатрға, хайуанаттар бағына және Орталық саябақтағы балалар теміржолына 1000 билет таратылды.
Фестиваль қонақтары үшін сондай-ақ «Қаладағы заң мен тәртіп» атты тақырыптық квест ұйымдастырылды. Оның басты кейіпкері жаңа Конституцияны бейнелейтін символдық кейіпкер – Парасат үкісі болды. Қатысушылар ойын форматында экология, азаматтық жауапкершілік және заң талаптарын сақтау тақырыптарына арналған тапсырмаларды орындады.
Экофестиваль Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен «Заң мен тәртіп» идеологиясы және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті.
— Экофестиваль — жай ғана экологиялық акция емес, бұл жастарға қалаға деген жанашырлықтың әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын көрсететін алаң. «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» бастамалары аясында біз адамдарды тазалық, қоршаған ортаға құрметпен қарау және белсенді азаматтық ұстаным сияқты қарапайым, бірақ аса маңызды құндылықтар төңірегіне біріктіріп келеміз. Жиналған әрбір қап қоқыс, қайта өңдеуге тапсырылған әрбір пластик бөтелке және егілген әрбір ағаш – Қарағандының болашағына қосылған нақты үлес. Таза қала – бәрімізге ортақ іс, – деді Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы жетекшісінің м. а. Заңғар Серіков.
Фестиваль экологиялық бастамаларды насихаттайтын маңызды алаңға айналды. Оның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды дәріптеу, экологиялық жауапкершілікті дамыту және тұрғындарды қалдықтарды бөлек жинауға тарту.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1259519?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау