Заң мен қоғамдық тәртіп – басты назарда: Алакөлде қайықтар мен шағын кемелерге рейд жүргізілді
17 шілде күні Алакөл ауданының Ақши ауылында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камаловтың қатысуымен қайықтар мен шағын кемелерді қауіпсіз пайдаланылуға арналған кеңес өтті.
Кеңеске Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов, Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Қанат Алтынбеков, Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Игорь Жуков, аудан әкімінің орынбасары Дастан Аханов, Алакөл аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Азамат Әбділдаев, Достық көлік прокуроры Дархан Қапас, сондай-ақ қайықтар мен шағын кемелердің иелері қатысты.
Жиын барысында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерді мемлекеттік бақылау және қадағалау функциялары Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінен Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретіне берілгені айтылып, су айдындарындағы қауіпсіздікті күшейту, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және рейдтік іс-шараларды жүйелі түрде жүргізу мәселелері талқыланды.
Кеңесте Алакөл көліндегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау, құтқару кеудешелерін міндетті пайдалану, қайықтар мен шағын кемелердің қозғалысын реттеу, оларды тіркеу, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және адамдар шомылатын аймақтарда қауіпсіздік талаптарын бұзуға жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аудан әкімі Алмас Абдинов Алакөлдің еліміздің ірі туристік орталықтарының бірі екенін атап өтіп, көлдегі қоғамдық тәртіпті сақтау, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологиялық талаптарды сақтау – барлық жауапты органдар мен кәсіпкерлердің ортақ міндеті екенін жеткізді.
Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері қауіпсіздік қағидаларын бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар соңғы күндері Алакөл көлінде қайықтан адамдардың ауыр жарақат алғаны айтылып, мұндай жағдайларға жол бермеу үшін бақылау мен жауапкершілік күшейтілетіні ескертілді.
Кеңестен кейін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов, аудан әкімі Алмас Абдинов, Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті және өзге де жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері Алакөл көлде бірлескен рейд жүргізді.
Рейд барысында қайықтар мен шағын көлемді кемелердің қозғалысы бақылауға алынып, жүргізушілердің құжаттары, құтқару құралдарының болуы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексерілді. Сондай-ақ демалушылар шомылатын аумақтарда белгіленген тәртіпті қатаң сақтауы қажет екені түсіндіріліп, заң талаптарын бұзуға жол берілмейтіні ескертілді.
Алакөл ауданында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық және рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol/press/news/details/1259880?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау