Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастықтарының қатысуымен брифинг өтті. Брифинг барысында спикерлер өрт қаупі бар кезеңнің өту барысы мен жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар туралы баяндады. Жыл басынан бері облыс аумағында 310 өрт тіркелген.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға аз. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде орман өрттерінің саны 51 пайызға, ал дала өрті бес есеге төмендеген. Сонымен қатар, рейдтік іс-шаралар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде.
Сондай-ақ брифингте шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 12 орын белгіленген. Құтқарушылардың стационарлық және мобильді бекеттерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, ТЖД қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілердің қатысуымен күн сайын профилактикалық рейдтер өткізілуде.
Шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар екі азаматтың өмірін сақтап қалған. Брифинг соңында құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіздік талаптарына бейжай қарамауға шақырып, сақтық пен жауапкершілік көптеген төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-zhambyl/press/news/details/1259569?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау