Жақсы ауданында теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақмола облысының Жақсы ауылында күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Нысан теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында толық қайта жаңартылды. Ашылу рәсіміне Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері, теміржол саласының ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.

«Вокзалдарды қайта жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Ақмола облысында 16 теміржол вокзалы жаңартылып жатыр. Бұл – еліміздегі өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін күрделі жөндеуден өткен Щучинск, Шортанды, Макинск және Ақкөл вокзалдары пайдалануға берілді. Теміржол вокзалы – кез келген елді мекеннің келбетінің айнасы. Бүгін біз жай ғана жаңартылған ғимаратты емес, тұрғындар мен жолаушыларға қолайлы, заманауи әрі қолжетімді инфрақұрылымды ашып отырмыз. Бұл Жақсы ауданының дамуына тың серпін береді», – деді Елдос Рамазанов.

Жақсы станциясының вокзалы тәулігіне 65 жолаушыға дейін қызмет көрсетуге есептелген және бүгінде жаңартылған жағдайда жолаушыларды қабылдап жатыр. 1960 жылы салынған ғимарат алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу барысында ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылып, вокзал маңы абаттандырылды, инженерлік желілер толық жаңғыртылды. Жолаушылар платформасының ұзындығы 503 метрге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған санитарлық торап жабдықталды.

Жақсы станциясында 35 жылдан астам еңбек еткен теміржол саласының ардагері Атымтай-Жомарт Бөкембаев бұл өзгерістер вокзал тарихындағы ең ауқымды жаңғырту болғанын атап өтті.

«Бұрын вокзал көмірмен жылытылатын, ал қазір барлық жүйе жаңартылды. Ғимараттың іші де, сырты да заманауи талаптарға толық сай келеді. Жергілікті тұрғындар мен ауыл қонақтары үшін барлық қолайлы жағдай жасалған», – деді ардагер.

Айта кетейік, қайта жаңғырту жұмыстары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен жүргізілді. Сонымен қатар компания жаңа теміржол желілерін салуды, магистральдық желіні жаңғыртуды, локомотивтер мен вагондар паркін жаңартуды және заманауи цифрлық технологияларды енгізуді қамтитын теміржол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асырып жатыр.

Жұмыс сапары барысында Елдос Рамазанов Жақсы ауылында салынып жатқан жастардың бос уақытын өткізу орталығы мен жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ Атбасар қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарының орындалуын тексерді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1260055?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version