Павлодар облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға бағытталған «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
Іс-шара басталғалы бері полиция қызметкерлері жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 2 мыңға жуық дерегін анықтады.
Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі – қауіпсіздік белдігін тақпау. Осыған байланысты 684 құқық бұзушылық тіркелді. Көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін 261 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, 163 жүргізуші техникалық жағдайы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдарын пайдаланған. Мас күйінде көлік басқарған 56 жүргізуші ұсталды.
Сондай-ақ, полицейлер мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз пайдаланылған 62 көлік құралын жол қозғалысынан шеттетіп, заңсыз қайта жабдықталған 84 автокөлікті пайдаланудың жолын кесті және қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығудың 21 дерегін анықтады.
Павлодар облысы полиция департаменті барлық жол қозғалысына қатысушыларды Жол қозғалысы қағидаларының талаптарын қатаң сақтауға, мас күйінде көлік басқармауға, рөлде отырған кезде ұялы телефонды пайдаланбауға және қауіпсіздік белдігін әрдайым тағуға шақырады.
Айта кетейік, облыс аумағында өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы 19 шілдені қоса алғанда жалғасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1259390?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау