ALMATY SUMMER FEST аясында өткен кезекті ауқымды концерт Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады. Ашық аспан астындағы музыкалық кеште көрермендер қазақстандық танымал өнерпаздардың өнерін тамашалап, жазғы фестивальдің ерекше атмосферасын сезінді.
ALMATY SUMMER FEST – Алматы қаласы әкімдігі тұрғындар мен мегаполис қонақтарына арнап ұйымдастырып отырған ауқымды мәдени жоба. Жаз бойы әр сенбі сайын «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтетін тегін концерттер бүгінде алматылықтардың ең сүйікті демалыс форматтарының біріне айналды. Жоба қаланың мәдени өмірін жандандырып, түрлі буын өкілдерін бір алаңда тоғыстырып, Алматының мәдени күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналып келеді.
Бұл сенбіде сахнада Кәмшат Жолдыбаева, Amre, Гүлнұр Оразымбетова, Сырым Исабаев, Еркеш Хасен, Серік Ибрагимов, Бағым Мұхитденова, Інжу, Бағдат Сейіт, Ақтоты Болшова, Арманай, Erik Akhim, DEARAIKAA, DANNA, Мәди Шалтан, Diana Miyer, Alee & Batyr, Әлішер Қарабай, Римма Ахметова, DJ Akhmetoff, сондай-ақ Қазақ мемлекеттік циркінің артистері өнер көрсетті. Жанды дауыстағы әндер, әсерлі концерттік нөмірлер мен жарқын шоу-бағдарлама көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Фестиваль концерттері Алматы тұрғындарының ғана емес, қала қонақтарының да ерекше қызығушылығын тудыруда. Апта сайын көрермен саны артып, ALMATY SUMMER FEST Алматыдағы жазғы маусымның ең жарқын әрі көпшілік асыға күтетін мәдени жобаларының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-madeniet/press/news/details/1260878?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау