Аустрия Парламентінде Аустрия–Қазақстан өзара байланыс платформасының ресми іске қосылу рәсімі өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Вена, 2026 жылғы 15 шілде – Аустрия Парламентінде көлік, логистика, инфрақұрылым, энергетика және инвестициялар салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған Аустрия–Қазақстан өзара байланыс платформасының (Austrian-Kazakh Connectivity Platform, AKCP) ресми іске қосылуына арналған салтанатты рәсім өтті.

Іс-шараға Аустрия Парламенті Ұлттық кеңесінің Президенті Вальтер Розенкранц, Аустрияның Экономика, энергетика және туризм жөніндегі федералдық министрлігінің Бас хатшысы Северин Грубер, Қазақстан–Аустрия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының аустриялық тең төрағасы Флориан Фраушер, Аустрияның федералдық және жер парламенттерінің депутаттары, сондай-ақ жетекші аустриялық көлік-логистикалық, құрылыс компаниялары мен қаржы-банк секторының өкілдері қатысты.

Қазақстан тарапынан Аустрия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхтар Тілеуберді, «Самұрық-Қазына» АҚ Қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ануар Ахметжанов қатысты. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Төменгі Аустрия федералдық жеріндегі Құрметті консулы Александр Ширхубер ұйымдастырды.

Іс-шараны ашқан спикерлер Қазақстан мен Аустрияның өзара сенімге, қарқынды саяси диалогқа және серпінді дамып келе жатқан сауда-экономикалық ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынастарды дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Осы тұрғыда Аустрия–Қазақстан өзара байланыс платформасының іске қосылуы бірлескен инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға деген өзара мүдделілікті көрсететін маңызды практикалық қадам ретінде бағаланды.

Аустрия Парламенті Ұлттық кеңесінің Президенті Вальтер Розенкранц өз сөзінде Қазақстан мен Аустрия арасындағы қатынастардың қарқынды дамуын жоғары бағалап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол жаңа Платформаның көлік, логистика, орнықты инфрақұрылым, цифрландыру және энергетика салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуға арналған тиімді тетік ретіндегі қызметіне қолдау білдірді.

Қазақстан Республикасының Елшісі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде көлік өзара байланысын дамыту Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Қатысушыларға Қазақстанның Орта дәлізді одан әрі дамыту және оның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі бағыттардың бірі ретіндегі рөлін күшейту жөніндегі бастамалары таныстырылды.

Елімізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы айта келе, Елші 2026 жылғы 1 шілдеден бастап республикалық референдумда қабылданған жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне енгенін хабарлады. Жаңартылған Атазаң мемлекеттік құрылыстың жаңа моделін бекітіп, Парламенттің өкілеттіктерін кеңейтуді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайтуды, мемлекеттік институттардың есептілігін арттыруды және инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуды көздейтіні атап өтілді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалардың заң үстемдігіне, ашықтыққа және орнықты дамуға негізделген Әділетті Қазақстанды құруға бағытталғаны айтылды.

Аустрия–Қазақстан өзара байланыс платформасының ресми іске қосылуы екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңіне айналып, өзара сенімнің жоғары деңгейін және стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға деген ортақ ұмтылысты тағы бір мәрте растады. Жаңа бастама Еуропа мен Орталық Азия арасындағы орнықты көлік байланысын дамытуға бағытталған перспективалы жобаларды іске асыру үшін екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастығы мен қаржы институттарының күш-жігерін біріктіруге арналған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1260560?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version