16 шілде күні Қазақстанның алғашқы цифрлық музейіне Шал ақын ауданының «Аю-тас» жазғы сауықтыру лагерінің 4-маусымындағы демалушы балалар келді. Жас қонақтар үшін заманауи цифрлық технологиялармен таныстырып, тарих пен ғылымға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берген танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
Экскурсияны Қазақстанның алғашқы цифрлық музейінің директоры Ахметова А.Б. мен бағдарламашы-инженер Глушань В.М. жүргізді. Олар оқушыларға музей ісінде қолданылатын цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері туралы айтып, интерактивті экспозициялармен таныстырды.
Экскурсия барысында балалар VR-көзілдіріктердің көмегімен виртуалды саяхат жасап, интерактивті VR-аймақты тамашалады, цифрлық экспозициялармен және заманауи мультимедиялық шешімдермен танысты. Әсіресе виртуалды археологиялық қазба жұмыстары оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Онда әрқайсысы көне артефактілерді тауып, өзін нағыз зерттеуші ретінде сезінді.
Музейдің барлық экспозициялары заманауи цифрлық форматта ұсынылған. Бұл келушілерге тарихты тек тамашалап қана қоймай, оның тікелей қатысушысы болуға мүмкіндік береді. Осындай инновациялық тәсіл оқу үдерісін қызықты, танымды әрі есте қаларлықтай әсерлі етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu-shalakynroo/press/news/details/1260270?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау