Өскеменде «Хроникадан – болашаққа» республикалық деректі кино апталығы басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР Президентінің ТРК Өскеменде «Хроникадан – болашаққа» республикалық кинолекторий жобасын жүзеге асыруда.

Жоба көрерменді тұлғалар, тарихи оқиғалар және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы маңызды кезеңдер туралы баяндайтын авторлық деректі фильмдермен таныстырады. Кинолекторий Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Кино апталығының ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, мұндай мәдени-ағартушылық жобалардың тарихи жадыны сақтаудағы маңызын атап өтті.

– Президенттің Телерадиокешені үш онжылдық бойы еліміздің ең маңызды оқиғаларын таспалап, тәуелсіз Қазақстанның шынайы жылнамасын қалыптастырды. Бүгінде қоғамның тарихи санасын нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу – ортақ міндет. Осы тұрғыдан алғанда деректі киноның орны ерекше, – деді Ербол Нұрғалиев.

Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешені Деректі кино орталығының аға редакторы Эльмира Ишмұхаметованың айтуынша, жоба көрерменге заманауи Қазақстанның тарихын жаңа қырынан таныстырып, отандық деректі киноның әлеуетін кеңінен насихаттауға бағытталған.

Кино апталығының алғашқы күнінде көрермен назарына «Құлалы аралының тұрғыны» және «Қуатты серіктес» деректі фильмдері ұсынылды.

«Құлалы аралының тұрғыны» фильмі Каспий теңізіндегі Құлалы аралында ұзақ жылдар бойы гидрометеорологиялық станцияны басқарып келе жатқан Петр Лупенковтың өмірі мен еңбегін арқау етеді. Кейіпкердің табиғатпен үндес тіршілігі, өз кәсібіне деген адалдығы мен жауапкершілігі арқылы еңбек адамының болмысы терең ашылады.

Ал «Қуатты серіктес» фильмі Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін көрсетеді. Туындыда екі елдің саяси және экономикалық байланыстары ғана емес, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы мен ядролық қарусыздану саласындағы ортақ ұстанымы да кеңінен қамтылған.

Көрермендер фильмдердің мазмұны мен көтерген тақырыптарына жоғары баға беріп, тарихи деректер мен шынайы өмір оқиғалары арқылы ел тарихын тереңірек тануға мүмкіндік алғандарын айтты.

Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Эльдар Төлеубековтің пікірінше, мұндай туындылар халықаралық ынтымақтастықтың мәнін тереңірек түсінуге ықпал етеді және Қазақстанның бейбітшілік пен өзара сенімге негізделген сыртқы саясатын айқын көрсетеді.

Деректі кино апталығы алдағы күндері де жалғасады. Бағдарлама аясында көрермендерге табиғат, қоғам, ел бірлігі мен тарихи жады тақырыптарын қамтитын жаңа деректі фильмдер ұсынылады.

Айта кетейік, «Хроникадан – болашаққа» республикалық кино апталығы бұған дейін Астана, Түркістан, Шымкент, Атырау, Ақтау және еліміздің өзге де қалаларында өткен болатын. Өскемен – жобаны қабылдаған оныншы қала.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1260868?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version