Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы ауқымды күрес науқанының қорытындысы шығарылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Асайын Байханов мамандармен кездесіп, биыл жүргізілген дезинсекциялық жұмыстардың қорытындысы бойынша есепті тыңдады.

Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев дезинсекциялық науқанның тұрақты түрде ғылыми сүйемелдеумен жүргізілгенін атап өтті. 29 наурыздан бастап шіркейдің даму кезеңдерін фенологиялық бақылау басталып, әрбір өңдеудің тиімділігі бағаланып, ғалымдардың ұсынымдары негізінде қажетті түзетулер енгізіліп отырды.

Биыл әуеден өңдеу Павлодар, Ақсу қалаларын, сондай-ақ Ақтоғай, Павлодар, Ертіс, Железин және Тереңкөл аудандарындағы 172 мың га аумақты қамтыды. Күн сайын облыстың 67 елді мекенінде, оның ішінде Павлодар қаласының жағалауында, Усолка бөгетінде, шаңғы базасында және ауылдық округтердің жағалау аумақтарында тосқауылдық өңдеу жүргізілді.

Ертіс өзенін өңдеуге ерекше көңіл бөлінді. Өзендегі жұмыстардың жалпы ұзындығы 3 200 км құрады. Оның ішінде 1 800 км баржалар арқылы өңделсе, тағы 1 400 км моторлы қайықтардың көмегімен жергілікті учаскелерде өңделді. Сонымен қатар, шіркей дернәсілдері жаппай анықталған ең күрделі өзен тармақтарында қосымша өңдеу жұмыстары жүргізілді.

Әуеден, өзен арқылы және тосқауылдық өңдеулерді, сондай-ақ тұрақты ғылыми бақылауды қамтыған кешенді тәсіл дезинсекциялық науқанның жоғары тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Кездесу барысында дезинсекциялық іс-шараларды ұйымдастыруды одан әрі жетілдіру бағытындағы шаралар талқыланды.

– Біздің басты міндетіміз – өңір тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау. Осы науқанға қатысқан барлық мамандар мен ғалымдарға кәсібилігі және үйлесімді еңбегі үшін алғысымды білдіремін. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында биылғы дезинсекциялық науқан жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз нәтижесін берді, – деп атап өтті өңір басшысы.

Кездесу соңында Асайын Байханов ғылыми сүйемелдеу тобының өкілдеріне, дезинсектор-бригадирлерге және 2026 жылғы науқанның табысты өтуіне елеулі үлес қосқан өзге де мамандарға Алғыс хаттар табыс етті.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1260305?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version